Бірі – қалада, екіншісі – ауданда: қостанайлық Павленколар отбасы күні-түні қызметте

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай облысында тұратын ерлі-зайыпты Павленколар карантин уақытында күндіз-түні жұмыс істейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Шаңырақтың отағасы Евгений Павленко – Қостанай полиция басқармасының учаскелік инспекторы болса, жұбайы Валентина Қостанай ауданының орталық аурханасында фельдшер болып жұмыс істейді.

Полиция майоры Евгений Павленко 12 жылдан бері ішкі істер органдарында қызмет етеді. Әрине, кез келген тәртіп сақшысы жұмыс уақытында көп қиындыққа үйренген. Алайда өңірде карантин енгізілгені - ерекше жағдай. Учаскелік полиция инспекторының айтуынша, отбасынан жырақта болу – қиынның қиыны.

«Біз қазір әр ауладағы тәртіпке, азаматтардың қауіпсіздігі үшін жауаптымыз. Полицейдің міндеті қылмыс пен құқық бұзушылықтың жолын кесу болса, енді оған төтенше жағдай уақытында тәртіп ережелерін сақтау қосылды. Жұмысымыз таңғы сегізде басталып, түнгі он екіге дейін созылады. Біздің әкімшілік учаскеде 4 көлік және 2 жаяу патрулі бар. Қостанай облысының бас санитарлық дәрігерінің №12 соңғы қаулысына сәйкес, азаматтармен профилактикалық кездесу жүргіземіз. Тұрғындардан өтінім түскен кезде санитарлық-гигиеналық нормаларды сақтап барамыз. Полиция посттарынжа барлық қорғаныш құралдары бар. Ең қиыны – отбасыңнан жыраққа кету. Бұрын мұндай болмаған. Қазір отбасыммен 8 сағат қана біргемін», - дейді тәртіп сақшысы.

Полицейлермен қатар қауіп аймағында дәрігерлердің де жүргені рас. Валентина Павленко да бір айдан астам уақыт қауырт жұмысқа жегілген. Ол Қостанай ауданына қатынап жұмыс істейді.

«Балабақшалар мен мектептер жабылды. Алайда біздің жұмыс тоқтамайды. Екі бала тәрбиелеп отырмыз. Балаларға әжесі қарайды. Оны ауылдан арнайы шақыртып алғанбыз. Олар үшін алаңдаймыз. Үйге келгенде де беті-қолымызды мұқият жуып, балаларымызды құшаққа аламыз. Жұмыстағы қиындықты шамалы болса да ұмытқандай боламыз», - дейді дәрігер.