Біріктірілген әлеуметтік төлемдер жыл сайын 6 млрд теңгені үнемдеуге мүкіндік береді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Біріктірілген әлеуметтік төлемдер жыл сайын 6 млрд теңгені үнемдейді. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов Үкімет отырысында осындай дерек келтірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекеттік қызметтерді алу рәсімдерін оңтайландыру мақсатында 17 қызмет түрі бойынша эксаумақтық қағидатын енгізілді. Яғни, азаматтар орналасқан жеріне қарамастан мемлекеттік қызметті алу үшін кез келген халыққа қызмет көрсету орталығына жүгіне алады. Мысалы, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны уақытша Алматыда тұрып, кез келген халыққа қызмет көрсету орталығына барып, өзіне тиесілі әлеуметтік төлемді алуға өтініш бере алады. 2021 жылдың төртінші тоқсанында 22,6 мыңнан астам азамат эксаумақтық қағидат бойынша қызмет алды», -деді ведомство басшысы.

Министрдің мәліметі бойынша, операциялық шығындарды үнемдеу үшін бір азаматқа тағайындалған бірнеше әлеуметтік төлемдерді бір төлемге біріктіріп аудару тәжірибесі сәтті іске асқан.

«Соның арқасында 2021 жылдың 7 айында 3 млрд теңге үнемдедік. Ал жыл сайын 6 млрд теңге үнемделетін болады. Сондай-ақ, ол бала туумен байланысты проактивті форматтағы қызметтердің үлесі 12-ден 53%-ға өсткенін атады. Мысалы, былтыр 440 мыңға жуық бала дүниеге келсе, оның ішінде 233 мың баланың анасы әлеуметтік төлемдерді ұялы телефон арқылы проактивті түрде алған.», – деді Серік Шәпкенов.