Бірінші лигада Ақжайық астаналық Жеңіспен тең тарқасты
22:44, 03 Тамыз 2023
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Футболдан бірінші лига командалары арасында ел чемпионатының кезекті турында Оралдың «Ақжайығы» өз алаңында астаналық «Жеңісті» қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қос команда турнир кестесінде құйрық тістесіп, үшінші-төртінші орында келе жатқандықтан, бұл ойын маңызды еді.
Матч басталысымен-ақ 2-минутта қонақтар сапындағы гамбиялық шабуылшы Па Омар Джоуб есеп ашты. Дегенмен, 31-минутта «Ақжайықтан» украиналық легионер Микола Агапов таразы басын теңестірді - 1:1.
Екінші кезеңде есеп өзгерген жоқ.
Осылайша, «Жеңіс» бұрынғыша үздік үштікті түйіндесе, оралдықтар төртінші орында қалды.
«Ақжайық» келесі кездесуін Шымкентте 10 тамыз күні «Қыранмен» өткізеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақжайықтың» «Хан Тәңірі» командасымен тең ойнағанын жазған болатынбыз.