Бірінші лигада «Ақжайық» қатарынан екінші жеңісіне қол жеткізді
23:21, 31 Тамыз 2023
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Футболдан бірінші лига командалары арасында ел чемпионатының 22-турында Оралдың «Ақжайығы» өз алаңында Алматының «Қайрат-Жастар» командасын қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Өткен турда сырт алаңда «Арыстан» 2:0 есебімен басым түскен оралдықтар үшін бұл кездесу де маңызды еді.
Бірінші таймда 36-минутта алматылықтардан Диас Күшкімбаев есеп ашты.
Екінші кезеңде «Ақжайықтың» сұрмергені, украиналық Микола Агапов 53-інші және 93-минутта екі голдың авторы атанып, командасына жеңіс әперді.
Бұл ойыннан кейін 39 ұпай жинаған оралдықтар турнир кестесінде бұрынғысынша төртінші орында келеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Криштиану Роналдудың ұлттық чемпионатта гол соғу жөнінен әлемдік рекорд орнатқанын жазған болатынбыз.