Бірінші лигада «Ақжайық» пен «Елімай» жеңіске жетті

Фото:
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Бірінші лига командалары арасында ел чемпионатының 3-турында Оралдың «Ақжайығы» өз алаңында Алматының «Хан Тәңірі» командасын қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бірінші таймда қонақтардан 13-минутта Марлен Айманов есеп ашса, алаң иелерінен 20 минуттан кейін Роман Чирков таразы басын теңестірді.

Екінші кезеңде 49-минутта «Ақжайықтан» Завен Бадоян есепті 2:1-ге жеткізді. 87-минутта Р.Чирков матчтың нүктесін қойды.

Бүгін сондай-ақ Семейдің «Елімай» командасы сырт алаңда «Жас Қыранды» 2:0 есебімен тізе бүктірді. Бұл ойында Алтынбек Сапаров пен Максим Житнев мергендік танытты.

Үш турдан кейін 7 ұпай жинаған «Елімай», «Қайрат-Жастар» және «Ақжайық» командалары алғашқы үштікте келеді. Оралдықтар 27 сәуірде Астананың «Жеңісін» қабылдайды. Содан кейін 30 сәуірде Қазақстан кубогінің плей-офф бәсекесінде Алматының «Қайратымен» қарымта кездесуін өткізеді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын бірінші лигада «Ақжайықтың» алғашқы жеңісіне қол жеткізгенін жазған едік.

Суреттерді түсірген: Түгелбай Бисен.