Бірінші лигада «Ақжайықты» ұтқан «Тұран» көш басына шықты

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Футболдан бірінші лига командалары арасында ел біріншілігінің 13-турында Түркістанның «Тұраны» өз алаңында Оралдың «Ақжайығын қабылдады», деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өткен жылы премьер-лигада ойнаған қос команда биыл жоғары топқа қайта оралудан дәмелі еді.

Бірінші таймда-ақ алаң иелерінен белоруссиялық легионер Владислав Ложкин 33 және 36-минутта қос гол соғып, матч тағдырын шешіп тастады деуге болады.

Екінші кезеңде оралдықтардан ресейлік Евгений Кобзарь 46-минутта есепті қысқартқанымен, 50-минутта гвинеялық Мамаду Диалло ойын нүктесін қойды – 3:1.

Осылайша, «Тұран» 31 ұпаймен бірінші лигада көш бастады. Дегенмен 29 ұпайы бар «Елімайдың» одан бір ойыны кем. «Ақжайық» 22 ұпаймен төртінші орында қалды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын бірінші лигада «Ақжайық» футбол клубының «Таразды» ойсырата ұтқанын жазған едік.