Бірінші лигада «Қайрат» пен «Ақжайық» көш бастап келеді
11:08, 18 Мамыр 2009
ОРАЛ. Мамырдың 18-і. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Футболдан Қазақстан чемпионаты бірінші лигасы командалары арасында Алматының «Қайраты» мен Оралдың «Ақжайығы» көш бастап келеді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Мамырдың 16-сы күні өткен кезекті турда «Қайрат» өз алаңында «Ақтөбе-Жас» командасын 4:0 есебімен ойсырата ұтса, оралдықтар Теміртаудың «Болатын» 1:0 есебімен тізе бүктірді. Оралдықтардан команданың мерген шабуылшысы Алексей Мальцев көзге түсті. Оның есебінде төрт доп бар.
Қазір қос команданың да 12-ден ұпайы бар. Доп айырмасы жөнінен «Қайрат» алда тұр.
«Ақжайық» келесі ойындарын сырт алаңдарда өткізеді. Мамырдың 23-інде «Ақтөбе-Жаспен» күш сынасса, мамырдың 26-сында Ақтауда «Каспиймен» кездеседі.