Бірінші Назарбаев оқуларының басталуына он күн қалды

None
АСТАНА. 19 қараша. ҚазАқпарат - 29 қарашада Бірінші Назарбаев оқулары «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» тақырыбында өтеді. Форум Назарбаев университетінде ұйымдастырылады. Дамудың Қазақстандық жолы әлемде қызығушылық тудыруда, деп хабарлайды ҚР Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі.

«Н.Ә. Назарбаев моделін» зерделеуге деген қызығушылықты ескере отырып, «Назарбаев орталығы» мен Білім және ғылым министрлігі жыл сайын Назарбаев оқуларын өткізуді дәстүрге айналдырмақ. Ол жетекші сарапшылардың, саяси қайраткерлердің және әлем ғалымдарының қатысуымен өтетін болады.

Халықаралық оқулардың жұмысы «Қазақстанның сыртқы саяси бастамалары», «Жаңа экономикалық модель», «Қазақстанның инновациялық дамуы», «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы», «Заманауи мемлекет  құру» атты бес панельдік сессия бойынша  өтеді.  Жастар саясаты жеке  қаралмақ. Назарбаев оқуларының шеңберінде Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевқа арналған кітап және сурет көрмесі ұйымдастырылады.

Қазіргі таңда Бірінші Назарбаев оқуларына 1500-ден астам адам қатысатындығын мәлім етті. Беделді сарапшылар комиссиясы Назарбаев оқуларының негізгі тақырыптары бойынша 14 пленарлық, 62 панельдік және 409 стендтік баяндаманы іріктеп алды.

Алдағы болатын іс-шараға жетекші шетелдік профессорлар да қызығушылық танытты. Олардың ішінде - Рафиз Абазов, Колумбия Университетінен (АҚШ); Экхарт Диттрих, Магдебург  Университетінен (Германия); Деом Жан Марк, Лува Университетінен (Бельгия); Марлен Мария Бауер, Диозеса-Линц Педагогикалық университетінен (Австрия).

Сонымен қатар, танымал саяси қайраткерлер, халықаралық сарапшылар және әлемнің 51 елінен атақты ғалымдар қатысатынын растады. Қазақстан бойынша парламентаралық топтың төрағасы  Лорд Джон Уэйверли (Ұлыбритания), «Өркениет диологы» форумының халықаралық Үйлестіру Комитетінің төрағасы Вальтер Швиммер, Францияның Еуропалық сенаты қауымдастығының төрағасы  Кристиан Понселе, М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің ректоры Виктор Садовничий сияқты құрметті қонақтар да қатысады.