Бірінші сынып оқушылары алғашқы сабақтарын Конституция күніне арнайды

АСТАНА. 22 тамыз. ҚазАқпарат - 29 тамызда Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің мұражайында Конституция күніне арналған мерекелік сабақ өтеді. Бұл туралы astana.kz сайтына іс-шараны ұйымдастырушылар хабарлады.

Биыл Білім күнін Райымбек батыр атындағы №50 «Қазғарыш» мектеп-лицейінің табалдырығын алғаш аттайтын 30 бала атап өтеді. Кішкентай астаналықтар алғашқы сабақтарын Конституция күніне арнайды, еліміздің бас құжатында жазылған құқықтармен және міндеттермен танысады. Балаларға арналған мереке 40 минуттық сабақ түрінде өтеді. Бірақ математика мен әдебиеттің орнына олар білім еліне қызықты саяхат жасайды, мемлекеттің негізгі заңының шығу тарихымен танысады, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Конституция жобасын жасаудағы рөлі туралы білетін болады.

Балдырғандар мұражайда Қазақстан тәуелсіздігінің тарихымен танысады. Ұйымдастырушылар іс-шараға қатысушылардың барлығына бірінші сабақтан естелік ретінде сыйлықтар мен кәдесыйлар таратады.

Еске салайық, 30 тамызда мемлекеттік мереке - еліміздің Ата заңының, ұлттық дамуымыздың негізіне айналған ерекше тарихи маңызы бар құжаттың 18 жылдығы атап өтіледі.