18:47, 21 Сәуір 2009
Бірінші тоқсан қорытындысы Үкіметтің экономиканы дұрыс басқарып отырғанын көрсетті
АСТАНА. Сәуірдің 21-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Бүгін Үкімет осы жылдың 1-ші тоқсанындағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысын шығарып, екінші тоқсандағы міндеттерін айқындады. Онда келтірілген мәліметтер жалпы алғанда Министрлер кабинетінің қазіргі дағдарыс жағдайында экономиканы тиімді басқарып отырғанын айғақтайды.
Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында әлемде де және біздің елде де күрделі макроэкономикалық ахуал сақталғаны белгілі. Жаһандық дағдарыс әлем нарықтарындағы жағдайды қиындатып жіберді. Соның салдарынан барлық жетекші экономикалық державалардың макроэкономикалық көрсеткіштері нашарлап, көптеген елдер экономикасының тежелу процесі жеделдеді. Мәселен сарапшылардың бағалауы бойынша, АҚШ-тың Ішкі жалпы өнімі (ІЖӨ) 2009 жылдың бірінші тоқсанында 5,9 пайызға, Еуроаймақта 1,9 пайызға, Ұлыбританияда 1,5 пайызға, Ресейде 7 пайызға төмендеген. Ал Қытай экономикасының нақты өсу қарқыны 6 пайызға дейін азайған, бұл соңғы 18 жылда бірінші рет байқалып отырған құбылыс көрінеді. Қазақстан экономикасы жаһандық экономикамен әлдеқашан тығыз ықпалдасқандықтан, сыртқы әсерлердің салдарынан біздің елдің де даму қарқыны бұрнағы жылдармен салыстырғанда біршама бәсеңдеп отыр. Бұл әрине заңды құбылыс. Дейтұрғанмен, қалыптасқан жағдайға қарамастан, Қазақстан экономикасы сыртқы әсерлерге айтарлықтай төтеп беріп отырғанын айтып өту қажет. Бұған биыл бірінші тоқсанда ел Үкіметінің нақты ішкі жалпы өнімнің күрт төмендеуіне жол бермегені дәлел. Еліміздің соңғы екі айдағы макроэкономикалық көрсеткіштері ІЖӨ-нің қысқаруының тежелгенін байқатады. Мәселен, осы жылдың қаңтарында ІЖӨ-нің төмендеуі 1,2 пайызды құраса, ақпанда 1,8 пайыз, ал наурызда бұл көрсеткіш небәрі 0,2 пайызға қысқарып, 2 пайыз болған. Бұдан Үкіметтің экономиканы тұрақтандыру жөніндегі жоспарының өмірмен етене қабысып, әрекет етіп жатқанын аңғаруға болады. Биыл еліміздің ІЖӨ-нің өсім қарқынының төмендегені негізінен әлемдік дағдарыстың әсерінен зардап шеккен құрылыс, өңдеуші өнеркәсіп, электр энергиясын, газ бен суды өндіру мен бөлу салаларының есебінен болған. Соңғы кездері өзгеріп отырған жағдайларға жедел әрекет етуге дағдыланған Қазақстан Үкіметінің дағдарысқа қарсы жұмысы қазіргі уақытта осы салалардағы нақты проблемаларды шешуге бағытталып жатыр. Бұл ретте Үкіметтің экономиканы, оның ішінде жоғарыдағы салалардағы ірі кәсіпорындарды «қолмен басқару» режіміне көшкені дер кезінде қабылданған дұрыс шешім болған сыңайлы. Бірінші тоқсанда экономиканың өсім қарқынының төмендеуіне жоғарыдағылардан бөлек, өнеркәсіптегі өндіріс қарқынының төмендеуі, сондай-ақ негізгі капиталға салынатын инвестициялардың 4,9 пайызға қысқаруы да теріс әсер еткен. Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, инвестицияның қысқаруы құрылыс саласында ? 28 пайызға, өнеркәсіпте ? 15,7 пайызға, оның ішінде тау-кен өнеркәсібінде 30,6 пайызға байқалған. Осы тұста әлемдік экономикалық коньюктураның теріс қысымына қарамастан, экономиканың локомотиві болып табылатын бірқатар салалардағы көрсеткіштердің өскенін айта кеткен жөн. Мәселен, ауыл шаруашылығын дамытуда оң жағдай сақталып отыр. Бұл сектордың жалпы өнімінің көлемі бірінші тоқсанда 134,9 млрд. теңгені құрап, 2008 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 3,6 пайызға ұлғайған. Есепті кезеңде мұнай мен табиғи газ өндіру 2,4 пайызға, байланыс қызметтері 4,2 пайызға артқан. Мұндай сипат электр жабдықтарын, электронды және оптикалық жабдықтарды, резина және пластмасса бұйымдарын өндіру салаларына да тән. Бұл дағдарыстан кейінгі кезеңдегі дамуды қамтамасыз ету үшін Қазақстан экономикасын сапалы қайта құрылымдаудың басталып кеткенін, экономиканы шикізаттық секторға тәуелділіктен арылтып, әртараптандыруға айрықша көңіл бөлініп жатқанын білдірсе керек. Әрине, мұндай нәтижелерге ең алдымен мемлекеттің дағдарысқа қарсы жүргізген сауатты саясатының арқасында қол жеткізілгені анық. Енді инфляцияға қатысты бірер сөз. Ел арасында теңгенің девальвациясынан кейін инфляция ырыққа көнбейді-ау деген қауесет тараған еді. Алайда, алғашқы үш айдың нәтижесі ол болжамдарды теріске шығарып отыр. Айталық, 2009 жылдың 1-ші тоқсанында республикамыздағы инфляция деңгейі 2 пайызды құраған. Бұл 2008 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 0,5 пайызға төмен. Жылдық мәнде алғанда инфляцияның деңгейі осы жылдың наурызында 2008 жылдың тиісті айымен салыстырғанда 8,9 пайызды құрап отыр. Ал осы жылдың ақпан айында болған теңгенің девальвациясы жалпы алғанда инфляциялық үдерістердің өсуіне айтарлықтай әсер етпеген.Елбасының тапсырмасы бойынша, ағымдағы жылы Үкіметтің күш-жігері ең алдымен әлеуметтік саясаттың негізгі басымдықтары бойынша іс-шаралар жоспарын ұйымдастыруға бағытталғаны аян. Бұлардың ішінде азаматтардың жұмысын жоғалтып алу тәуекелінің алдын алу және дағдарыс жағдайында жұмыссыздарды әлеуметтік қолдау, сондай-ақ еңбек нарығындағы жағдайға ұдайы мониторинг жүргізу, халықты зейнетақымен, әлеуметтік төлемдермен қамту, әлеуметтік көмек көрсету бар. Осылардан Үкімет қазіргі жағдайда әсіресе халықты жұмыспен қамтуға айрықша назар аударып отыр. Елбасы Жолдауынан туындаған Өңірлік жұмыспен қамту стратегиясын жүзеге асыру үшін Жұмыспен қамту жөніндегі ведомствоаралық комиссия құрылып, жұмыс істеуде. Өңірлерде халықты жұмыспен қамтудың «жол карталары» әзірленді. Ресми мәліметтерге сүйенсек, Үкіметтің дағдарысқа қарсы бағдарламасын табысты жүзеге асырудың арқасында ағымдағы жылдың үш айында елімізде 60 мың 244 жаңа жұмыс орындары құрылған, бұлардың 39 мың 593-і тұрақты жұмыс орындары. Дейтұрғанмен, осындай орасан зор күш-жігерге қарамастан дағдарыс әлемнің көптеген елдеріндегідей Қазақстандағы жұмыссыздардың санын да біршама көбейтіпті. Былтырғы бірінші тоқсанға қарағанда, биыл еліміздегі жұмыссыздардың саны 1,6 пайызға өсіп, 582,8 мың адамға жеткен. Алайда, экономикалық белсенділіктің аздап төмендеуіне қарамастан, еліміздің әлеуметтік саласындағы жағдай салыстырмалы түрде алғанда тұрақты екенін жоғарыдағы тоқсан қорытындысына қарап бағамдау болады. Үкіметтің бүгінгі мәжілісінде Қаржы министрі Болат Жәмішев, Индустрия және сауда министрі Владимир Школьник, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіқалықова, «Самұрық-Қазына» қорының басшысы Қайрат Келімбетов, «ҚазАгро» холдингінің басшысы Асылжан Мамытбеков баяндама жасап, өздері басқарып отырған құрылымдардың атқарған жұмыстары жөнінде есеп берді. Үкіметтің экономиканы тұрпақтандырушы бағдарламасы әрбір сала бойынша тиімді жұмыс істеп жатқаны айтылды. Енді Үкіметтің 2009 жылдың 2-ші тоқсанындағы міндеттері жайлы.
Б. Сұлтановтың айтуынша, экономиканың дамуына сыртқы факторлар кері әсер етіп отырған дағдарыс жағдайында алдағы кезеңде ішкі резервтерді жұмылдыруға баса назар аудару қажет. Бұл ретте 2009 жылдың қорытындысы бойынша экономиканың рецессиясына жол бермеу басым міндет болып табылады. Ол үшін екінші тоқсанда бірқатар міндеттер атқарылуы тиіс. Ең алдымен бірлескен іс-қимыл жоспарын іске асыруға тартылған мемлекеттік органдар, холдингтер, екінші деңгейдегі банктер бөлінген қаражаттың көзделген кестеге сәйкес түпкілікті тұтынушыларға дейін жедел жетуіне күш жігерін салуы керек. Екіншіден, «жол картасының» жобаларын табысты іске асыру үшін орталық және жергілікті атқарушы органдар өз жұмыстарын үйлестіруі қажет және «жол картасының» бағыттарын қаржыландырудың нақты жоспарларын пысықтап, бөлінген қаражаттың жедел игерілуін қамтамасыз етуі тиіс. Үшіншіден, экономиканың ұзақ мерзімді тиімділігін арттыруға бағытталған жүйелі реформаларды одан әрі жүргізу қажет. Жиынды қорытқан Премьер-Министр Кәрім Мәсімов екінші тоқсанға арналған бірқатар нақты міндеттерге тоқталды. Премьер-Министр өндіріс көлемінің азаюынан әртүрі сала кәсіпорындары қызметкерлерінің жұмыстан босауына жол бермеу; мемлекеттік сатып алуларда қазақстандық мөлшерді арттыру, сондай-ақ экономиканы дағдарыстан кейінгі дамуға дайындау және қайта құру үшін қолдағы ресурстар барынша пайдалану; отандық қайта өңдеу өндірісін дамыту жөніндегі белгіленген іс-шараларды іске асыру; Астана мен Алматы қалаларындағы құрылысы басталып қойған нысандарды аяқтау; шағын және орта бизнес үшін бизнес ахуалды жақсарту Үкіметтің басты міндеті болып қала беретінін атап көрсетті. Бір сөзбен айтқанда Үкіметтің осы жылғы екінші тоқсанына арналған негізгі қызметі еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы тұрақты ахуалды сақтауға бағытталатын болады.