Бірінші тоқсанда елордада экономиканың нақты секторында 4 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылды - И. Тасмағамбетов

АСТАНА. Сәуірдің 23-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Биылғы жылдың бірінші тоқсанында елордада экономиканың нақты секторында 4 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылды.

Оның ішінде шағын бизнес саласында 2,5 мыңнан астам жұмыс орны құрылды. Бұл туралы бүгін елордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен болған Астана қаласын дамыту мәселесіне арналған кеңесте қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның айтуынша, шағын және орта бизнесті несиелеуге келісім бойынша «Самұрық Қазына» қорынан 30 млрд. теңге бөлініп, оның 7,3 млрд. теңгесі 127 жобаны жүзеге асыруға бағытталды. Ал 11,6 млрд. теңге сомасында 139 жобаны қаржыландыру шаралары қаралып жатыр. Әкімнің сөзіне қарағанда, 2009 жылдың қаңтар айында елордада 24 мың 104 үлескері бар 128 нысан болған. Сәуірдің 23-індегі мәлімет бойынша 2110 үлескер қаржы құйған 8 тұрғын үй кешенінің құрылысы аяқталды. Биылғы жылдың соңына дейін 17 мың 176 үлескердің мәселесі шешіліп, 104 нысанның құрылысын аяқтау жоспарланып отыр. Ал қалған 24 нысанның құрылысын тәмамдау 2010 жылға белгіленуде. Сондай-ақ әкім 2008-2010 жылдарға арналған мемлекеттік тұрғын үй құрылысын дамыту бағдарламасы аясында жалпы ауданы 347 мың шаршы метр болатын 7 мың 44 пәтерді пайдалануға беру жоспарланғанын атап өтті.