Бірінші вице-премьер биыл Қызылорданы сумен 100 пайызға қамтамасыз етуді тапсырды - Үкіметтегі кеңес

27-сі. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Көксарай су қоймасы уақытылы іске қосылмағанда Қызылорда облысының 57 елді мекені тасқынды сулардан зардап шегуі мүмкін еді. Бұл туралы бүгін Үкімет үйінде, бірінші вице-премьер Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен кеңестен кейін журналистерге берген сұхбатында Төтенше жағдайлар вице-министрі Валерий Петров айтты.

«Биыл Елбасының тапсырмасымен Көксарай су реттегішінің бірінші кезегі іске қосылды және бұл уақытылы болды. Себебі, Сырдарияның өткізу көлемі өте үлкен болды, ал Шардара су қоймасы толығымен дерлік толған еді. Көксарай су реттегішіне 910 миллион текше метр су қабылданғандықтан, біз Қызылорда облысында қаупті жағдайды болдырғанымыз жоқ. Бұл уақытта өзен жартылай мұз астында болған еді. Сондықтан, жаңа су реттегіш болмаған жағдайда, 57 елді мекен тасқынды аумақта қалар еді», - деді В.Петров.

Кеңес барысында Ө.Шөкеев, Көксарайға жиналған 910 млн. текше метр суды тиімді пайдалануды тапсырды. «Біз бұл суды мақсатсыз ағызып жіберу үшін жинап жатқанымыз жоқ. Оны Қызылорда облысындағы ауыл шаруашылық және суару жұмыстарына жұмсау қажет», - деді ол.

Сондай-ақ Ө.Шөкеев, Көксарайдың өткізу мүмкіндігін реттеуді тапсырып, биыл Қызылорданы сумен 100 пайызға қамтамасыз етуді тапсырды.

Өз кезегінде В.Петров, жаңа нысанға жиналған суды пайдалану үшін Шардара су қоймасы уақытша жабылатынын айтты. «Өңірде судың қажетті мөлшері - 5 миллиард 300 миллион текше метр су жиналды. Менің ойымша, биыл Шардараның төменгі бөлігінде Оңтүстік Қазақстан мен Қызылорда облыстарында сумен проблема болмайды», - деді.