«Бірінші жартыжылдық қорытындысы: Ылдидан өрге қарай» -шілденің 29-ы күнгі қазақ басылымдарына шолу

АСТАНА. Шілденің 29-ы. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі қазақ баспасөзінде шілденің 29-ы,  сәрсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

                                           ***

   «Бірінші жартыжылдық қорытындысы: Ылдидан өрге қарай».   Осы тақырыппен «Егемен Қазақстан» газеті бірінші бетін Елбасының қатысуымен қаралған еліміздің бірінші жартыжылдықтағы даму қорытындыларына арнайды. 

 «... Бірінші жартыжылдық бойынша  сыртқы қарыз 25 пайызға азайды. Нақты шаралар экономикамызды бірқалыпты ұстауға мүмкіндік берді. Екінші тоқсанда алғашқы тоқсанға қарағанда 3 пайызға дейін  экономикалық өсім бар. Жұмыссыздық азайды, шағын және орта бизнестің жұмысы жандану үстінде.  Өндірісте де отандық  зауыттарға тапсырыс түсіп, «Жол картасы» бойынша барлық жерде  - әр ауылда, ауданда, қалада  көп жұмыстар жасалуда», деп жазады ел газеті.

Елбасы  Үкіметтің бірінші жартыжылдықтағы атқарған жұмыстары бойынша есебін мұқият тыңдағаннан кейін атқарушы биліктің алдына нақты міндеттер қойған. «Оның алғашқысы бағаның шарықтап өсуіне жол бермеу. Бірінші кезекте күнделікті тұтынылатын азық-түлік  түрлеріне, жана-жағармай мен құрылыс материалдарына бағаны өсірмеу қажет.  Мемлекет тарапынан жасалынған көмек арқасында құрылыстың тоқтап қалған  тамырына қан жүгіртіп едік, соны пайдаланып құрылыс материалдарының бағасы қолдан көтеріліп кеткен. Бұл жарамайды, құрылыстың жанданғанына қуанып, бағаны қалыпты ұстаудың маңызын  түсінбеудің салдары осындай қадамдар жасатқан.  Түптеп келгенде, бағаны жойдасыз көтеру саланы қайтадан тұралату болады», деген Мемлекет басшысының сөзі келтірілген аталған мақалада.
                                           
                                                ***
 «Жүрек қалауымен, ұлттың рухымен салынған Бас қаланың болашағы  - Ел болашағы десек артық айтқандық болмасы анық. Астананың қарқындап өсуі  гүлденуі - Қазақстанның өркендеуі.  Күллі ұлттық рух пен елдік сананы оятатын жетістік. Оның бүгінгі көрінісінің өзі  өркенитеттер өрнегімен, үйлесімділігімен Қазақстанның даму жолының өркендеп өсіп келе жатқандығын айғақтай түсетін, ішке - тірек, сыртқа -айбар». Қазағым деп қайрат көрсетіп жүрген Асылы Османқызы Астана туралы осылай толғайды. «Жүрек қалауымен салынған шаһар» деп аталған бұл мақаланы да «Егеменнің» алтыншы бетінен оқуға болады.

                                               ***

«Егемен Қазақстан» осы нөмірінде қазақтың театр және кино өнерінде өшпес із қалдырған майталман Серке Қожамқұловқа үлкен бет арнаған. Мақала басында газет мынадай қызықты дерек келтіреді: «Кезінде Қызылордада қазақтың тұңғыш кәсіби театрының шаңырақ көтеруінің басы-қасында болған белгілі жазушы Николай Анов «Серкенің оралуы» деген пьеса  жазып, оны Мәскеуде шығып тұрған «Красная новь» журналында бастырады. Шығармасына кейіпкер етіп алуына қарағанда тың көз орыс қаламгеріне Серке ағамыздың  аты да, заты да ұнап қалғаны күмәнсіз.  Осы туындыға, ондағы Серке бейнесіне жазушы Максим Горький назар аударып, Николай Ановқа хат жазады. Сөйтіп, өнердегі өмірінде, театр мен киноны қоса алғанда, 200-ден астам рөлде ойнап, соншалықты кейіпкер сомдаған Серағаң жастық шағында-ақ аузы дуалы әлемдік пролетариат жазушысы  қаламына ілккен екен...»

                                               ***

Ақордада Елбасының қатысуымен қаралған бірінші жартыжылдықтағы Үкімет қорытындыларына «Айқын» газеті де назар аударған. «Елбасы бағаның өсуіне жол бермеу мәселесін  айрықша бақылауда ұстауды тапсырды» деген тақырыппен бірінші бетте газет жартыжылдықтың қорытындыларына қысқаша тоқтала келе, Мемлекет басшысы Үкіметтің атқарып жатқан жұмыстарын оң бағалағанын жазып:  «Атап айтқанда, мемлекеттен бөлінген қаражат ауқымды жұмыстарды жасауға мүмкіндік туғызды.  Жалпы қазіргі жағдайда Үкіметтің атқарып жатқан жұмыстарын оң бағалауға болады», - деген Президент сөзін келтіреді.

                                             ***

«Айқын» газеті  сондай-ақ осы күнгі нөмірінде «Ақ сөйле!» айдарында «мен депутаттық сауалымды  қашанда қазақша жеткіземін» деген тақырыппен Мәжіліс депутаты Людмила Хочиеваның   сұхбатын жариялаған.

« Тіл - жер жүзіндегі адамның, ең бірінші оның кім екенін білдіретін қасиеті.  Қазір Қазақстанда мемлекеттік тіл - қазақ тілі. Ол сондықтан бәрімізге де ана тілі болуы керек. Неге десеңіз, туып -өскен жеріміз -Қазақстан. Егер менің Отаным Қазақстан болса, ал Отанды анаң ретінде сезінсең, әрине, қазақ тілін де ана тілі  деп санауымыз керек», - дейді « Ақ сөйле!» айдарында ағынан жарылған Л. Хочиева.