Бұл туралы бүгін Астанада өткен брифингте Бас прокуратураның ресми өкілі Жандос Өмірәлиев мәлім етті.
«Тергеу анықтағандай, Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті төрағасының бұрынғы орынбасары Қайырболат Есқалиев, сондай-ақ қаржы-экономикалық басқармасының бұрынғы бастығы Батырхан Сүттіғожанов және ресурстық қамтамасыз етуді басқару бөлімінің бұрынғы бастығы Вячеслав Цикунов өздерінің қызметтік өкілеттілігін теріс пайдаланып, мемлекеттік қызмет мүдделеріне қайшы келе отырып, «Астана Жоба Құрылыс» ЖШС-нің пайдасына бірқатар заңсыз шешімдер қабылдаған»,-деді ресми өкіл.
Оның сөзіне қарағанда, аталған лауазымды тұлғалар өздерінің қылмыстық теріс әрекеттерін жалғастыра отырып, өздеріне ведомстволық бағыныстағы мекемелердің басшыларына орындалмаған жұмыс түрлері үшін жалған актілерге қол қою туралы заңсыз тапсырмалар берген. Осы актілер негізінде «Астана Жоба Құрылыс» ЖШС-на орындалмаған жұмыстары үшін қомақты бюджет қаражаты аударылған.
«Биылғы 3 тамызда Астана қаласы Сарыарқа аудандық сотының үкімімен аталған қылмыстарды жасағаны үшін Қ. Есқалиевке 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы берілді»,-деді Ж. Өмірәлиев. Сонымен қатар Б. Сүттіғожанов 2 жыл 6 айға, В. Цикунов 2 жылға сотталды. Ірі мөлшерде өзгенің мүлкін ұрлағаны үшін «Астана Жоба Құрылыс» ЖШС-нің басшысы Ерлан Бекқожа 5 жылға бас бостандығынан айырылды.