Бірқатар маңғыстаулықтар мерекелік медальмен марапатталды

АҚТАУ. ҚазАқпарат - Бүгін Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық драма театрында Астана қаласының 20 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекет басышысы Н.Ә.Назарбаев биылғы халыққа арнаған жолдауында: «2018 жыл - Елордамыз Астананың 20 жылдығын атап өтетін мерейтойлы жыл. Бас қаламыздың қалыптасуы және Еуразияның маңызды даму орталықтарының қатарына қосылуы - баршамыздың ортақ қуанышымыз» деген болатын. Расында бұл тек Елорданың ғана емес, тұтас Қазақ елінің мерекесі, халқымыздың қуанышы.

Салтанатты шарада облыс әкімі Ералы Тоғжанов Маңғыстау халқын мерекемен құттықтап, ел игілігі үшін еңбек етіп жүрген бір топ қызметкерлерді Астана қаласының 20 жылдығына орай алғыс хатпен марапаттады. Дәлірек айтсақ, Қазақстан Республикасының және Астана қаласының қалыптасуы мен дамуына қосқан елеулі үлесі үшін Қазақстан Республикасы Президентінің 2018 жылғы 20 маусымдағы № 706 Жарлығы бойынша бір топ азамат «Астана 20 жыл» мерекелік медалімен наградталды.

«Президентіміз Астананы әлемдегі бірліктің символына  айналдырды. Бүгінде Елбасымыз бен Елордамыз егіз ұғым. Тәуелсіздік жылдары қол жеткізген жетістіктеріміздің бәрі бас қаламыздан бастау алады. Бейбітшілік пен татулықтың, бірлік пен берекенің ордасына айналған Астана арқылы бүкіл әлем тәуелсіз Қазақ елін таныды. Дүниежүзіне Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының есімін мойындатты. Осының барлығы еліміздегі тұрақтылықтың, халқымыздың Елбасымызға деген үлкен сенімі мен қолдауының нәтижесі деп білемін. Ұлы Еуразия кіндігі - Сарыарқаның төрінде көтерген  шаңырағымыз  құтты   болып,  қысқа ғана уақыттың ішінде  Астана  - Отанымыздың жүрегі, халқымыздың мақтанышы, рухани  өрлеуіміздің, экономикалық дамуымыздың  қозғаушы  күшіне ие болды», - деді өңір басшысы Ералы Лұқпанұлы.  

«Астана 20 жыл» медалімен марапатталғандар қатарында Ұлы Отан соғысының және еңбек ардагерлері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, облыстағы бірқатар ардагерлер кеңестерінің төрағалары, тағы да басқа елеулі азаматтар бар. 

Салтанатты жиын соңы концерттік бағдарламаға ұласты.