«Ұлттық экономика министрлігіне кәсіпкерлік қызметті шағын несиелеуді үйлестіру, қалалардағы кәсіпкерлерді шағын несиелеуді кепілдендіру, сондай-ақ 2017 жылы ауылдық елді мекендердегі жұмыссыз және өзін өзі еңбекпен қамтыған тұрғындарды оқыту жөніндегі «Бастау бизнес» жобасын жүзеге асыру бекітілген. Шағын несиелер 18 млн теңге дейін 5 жыл мерзімге соңғы сыйақы мөлшерлемесімен беріледі. 2017 жылы қалаларда кәсіпкерлік қызметті шағын несиелеуге 10 млрд теңге, оның ішінде 3 млрд теңгесі республикалық бюджеттің мақсатты трансферттері есебінен және 7 млрд теңгесі жалпы сипаттағы трансферттер есебінен бөлінді. Аталған қаржы жергілікті атқарушы органдар арқылы әкімшілендіріледі. Жалпы сипаттағы трансферттер аясындағы қаржыға 1 қаңтардан бастап қол жеткізуге болатынын атап өтпекпіз», - деді Тимур Сүлейменов.
Оның айтуынша, республикалық бюджеттен қаржыландырылатын қаражат бойынша ҚР Үкіметінің 2017 жылғы 31 наурыздағы шешіміне сәйкес бюджеттік несиелеу шарты белгіленді. Ағымдағы жылғы сәуірде Ұлттық экономика, Қаржы министрліктері және жергілікті атқарушы органдар арасында үшжақты несие келісіміне қол қойылды. Республикалық бюджеттен бөлінген қаржы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорына 2017 жылғы мамырда аударылды.
«Жергілікті атқарушы органдар тарапынан 7 млрд теңге көлеміндегі жалпы сипаттағы трансферттердің бүгінде 5,4 млрд теңгесі аударылған. Белгіленген лимиттерді бірқатар облыстар орындамай отыр», - деді ол.
Сүлейменовтің атап өтуінше, қорға белгіленген қаржыны әлі күнге аудармай отырған облыстар бұл жұмыстарды жеделдетуі қажет.