Бұл туралы бүгін ҚР Ауыл шарашылығы министрлігінің алқа мәжілісінде ведомствоға қарасты Орман және аңшылық шаруашылығы комитетінің төрағасы Ерлан Нысанбаев мәлім етті.
«Дала өрттерінің орман алқаптарына таралу фактісі Алматы, Ақмола, Атырау, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында тіркелді. Аталған облыстардың аудан және ауылдық округтері дала өрттерін ескерту және алдын алу бағытында қабылдаған шаралары жеткіліксіз», - деді ол.
Комитет төрағасының атап өтуінше, оттың таралуына жол бермеу үшін арнайы шептердің болуына қарамастан дала өрттерінің мемлекеттік орман қорларының аумағына кеңінен жайылуы тіркелуде. Ал ауылдық округ әкімдіктерінде өрт сөндіру құрал-жабдықтарының болмауы дала өрттерін дер уақытында сөндіруге кедергі келтіруде.
«Осыған орай облыс әкімдіктері аудандық және ауылдық округ әкімдіктерінің материалдық-техникалық базасын күшейту бойынша шаралар қабылдауы қажет. Орман қорғау мекемелерінің ауыл шаруашылығы қызметтері бойынша жергілікті атқарушы органдардың қызметтерін рейтингтік бағалауды ұсынамыз»,- деді Е.Нысанбаев.