Бірқатар өңірде жер учаскелері су қорғау белдеулерінен берілген

АСТАНА. ҚазАқпарат – Бірқатар өңірде жер учаскелері су қорғау белдеулерінен берілген. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Су басу себептерін алдын ала талдау тұрғын үйлерді су басу себептерінің бірі оларды төмен жатқан бөліктерде салу немесе су қорғау белдеулерінің аумақтарында болуы екенін көрсетті. Су кодексінің 145-1-бабына сәйкес 2009 жылғы 1 шілдеден кейін су қорғау белдеулерінің шекаралары шегінде ғимараттар мен құрылыстар салуға жол берілмейді. Бұл ретте, оларды пайдалануға ұйымдасқан орталықтандырылған кәріз немесе ластанған сарқынды суларды бұру мен тазартудың өзге жүйесі болған кезде ғана жол беріледі. Осыған қарамастан, еліміз бойынша 2009 жылдан кейін салынған 2 144 үй (Атырау облысы 1 573 үй, Астана қаласы 543 үй, Қызылорда облысы 24 үй, Қарағанды облысы 4 үй) бар. Оларда 9 722 тұрғын тұрады. Сонымен қатар, Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің Жер ресурстарын басқару жөніндегі аумақтық департаменттері прокуратура органдарымен бірлесіп, су қорғау белдеулері мен аймақтары шегінде жер учаскелерін берудің заңдылығына тексеру іс-шараларын жүргізеді», - деді Үкімет басшысының бірінші орынбасары жауабында.
Мәселен, оның дерегінше, 2022 жылы Атырау қаласы әкімдігі Жайық өзенінің су қорғау белдеулері шегінде жер учаскелерін берудің заңдылығына жоспардан тыс тексеру жүргізді. Нәтижесінде 17 жер учаскесінің заңсыз ресімделгені анықталды. 2023 жылы Атырау қаласының әкімдігі мен жер қатынастары бөліміне жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Қорытындысында 9 жер учаскесінің су қорғау аумақтары сақталмай берілгені анықталды. Тексеру қорытындысы бойынша Атырау қаласының әкімдігі мен жер қатынастары бөліміне тиісті бұзушылықтарды жою туралы нұсқама жолданды.
«Жүргізілген егжей-тегжейлі талдау нәтижелері бойынша Қарағанды қаласында Кіші Бұқпа өзенінің су қорғау аймақтары мен белдеулерінің шегінде орналасқан үйлер анықталды. Қазіргі уақытта осы факті бойынша сот рәсімдері жүргізілуде. Маңғыстау облысы бойынша Жер ресурстарын басқару комитетінің департаменті Каспий теңізінің су қорғау белдеуінен тыс жерлерге жер учаскелерін берудің заңдылығына қатысты талдамалық жұмыс жүргізді. Талдау жұмысының нәтижелері бойынша Ақтау қаласы мен Мұнайлы ауданының әкімдіктеріне қатысты сотқа берілген жер учаскелерін мемлекет меншігіне, Ақтау қаласындағы «Caspian Plaza» ЖШС және Мұнайлы ауданындағы жеке тұлғаларға қайтару бойынша талап арыздар жіберілді. Қазіргі уақытта осы факті бойынша сот рәсімдері жүргізілуде», - деді Роман Скляр.
--