Бірқатар салаларда ең төменгі әлеуметтік стандарттар қолданылатын болады - Мәжіліс

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ең төменгі әлеуметтік стандарттар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда мақұлданды.

Құжатқа бір топ депутаттар бастамашылық жасаған болатын.Заң жобасы әлеуметтік салада нормативтік қадамдарды дамыту үшін құқықтық негіз қалыптастырады. Осы бағыттағы қолданыстағы нормалар мен нормативтерді елдегі әлеуметтік-экономикалық ахуалдың өзгерістеріне сәйкестендіру көзделеді, еліміздің әр өңірлеріне бірыңғай әлеуметтік саясат енгізуге жағдай жасайды, әлеуметтік саланы мемлекеттік реттеудегі басты құралы ретіндегі әлеуметтік стандарттарды айқындалады.

Түйіндей айтсақ, заң жобасы қабылданса, ең төменгі әлеуметтік стандарттар бірқатар салаларда қолданылатын болады. Бұлардың қатарында білім беру, денсаулық сақтау және медициналық көмек, әлеуметтік қамсыздандыру, тұрғын үй мәселесі мен баспанаға көмек, білікті заңгер көмегі, еңбек және жұмыспен қамту, мәдениет және спорт мемлекеттік ұйымдары қызметіне қолжетімділік секілді салалар бар. Яғни, осы секілді салалардағы қызметтерге қол жеткізуге құқықтарды іске асыруды қамтамасыз ететін мемлекеттік ең төмен әлеуметтік стандарттар мен кепілдіктерді қолданудың құқықтық негіздері айқындалады.

Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы Сенатқа жолданады.