Бірқатар шет елдердің көшбасшылары Н. Назарбаевты президенттік сайлаудағы айқын жеңісімен құттықтады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бірқатар шет мемлекеттердің көшбасшылары Нұрсұлтан Назарбаевты президенттік сайлаудағы айқын жеңісімен құттықтады.

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Мемлекет басшысы Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенкомен телефон арқылы сөйлесті.

Александр Лукашенко Нұрсұлтан Назарбаевты президенттік сайлаудағы жеңісімен құттықтады.

Мемлекеттер басшылары екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелері мен Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығын мерекелеу қарсаңында Мәскеуде болатын кездесу жөнінде пікір алмасты.

Телефон арқылы сөйлесуге Беларусь жағы бастамашылық етті.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесті.

Владимир Путин Нұрсұлтан Назарбаевты президенттік сайлаудағы жеңісімен құттықтады.

Мемлекеттер басшылары екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелері мен Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығын мерекелеу қарсаңында Мәскеуде болатын кездесу жөнінде пікір алмасты.

Телефон арқылы сөйлесуге Ресей жағы бастамашылық етті.

Бұдан басқа, Мемлекет басшысы Әбу-Дабидің Мұрагер ханзадасы, Біріккен Араб Әмірліктері Қарулы күштерінің Жоғарғы бас қолбасшысының орынбасары шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянмен телефон арқылы сөйлесті.

Әбу-Дабидің Мұрагер ханзадасы Елбасын президенттік сайлаудағы жеңісімен құттықтады және Қазақстанды ілгерілету мен өркендетуге бағытталған ауқымды реформалардың табысты жүзеге асырылатынына сенім білдірді.

Әңгіме барысында тараптар сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайту шараларын талқылады.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев пен Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі негізгі жайттар жөнінде пікір алмасты.