Бірқатар ЖОО-лардың профессорлық құрамы мен студенттері жалпыұлттық референдумды қолдайтындықтарын білдірді

None
АЛМАТЫ. 14 қаңтар. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Философия және саясаттану институты мен "Қайнар" университетінің профессорлық құрамы мен студенттері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттігін ұзарту жөніндегі жалпыұлттық референдумды қолдайды.

Бұл туралы бүгін Алматыда өткен арнайы конференцияда айтылды.

Философия және саясаттану институтының директоры, академик, философия ғылымының докторы, профессор Әбдімәлік Нысанбаевтың айтуынша, қазіргі уақытта Н. Назарбаевтай елді басқара алатын адам жоқ, сондықтан референдумды өткізуіміз қажет және оны өткізу еліміз үшін тиімді. "Сондықтан халықты референдумды қолдауға шақырамын. Мен еліміздің жағдайын, Елбасын және оның жұмысын 1991 жылдан бері зерттеп келемін. Сондықтан менің пікірім ғылыми жағынан негізделген", - деді академик.

Оның пайымдауынша, Мемлекет басшысының бағдарламасы ақырын болса да нық қадаммен алға басып, іске асырылып келеді.

"Біздің алдымыздағы 10 жыл - Қазақстан үшін, қазақ халқы үшін тағдырлы жыл. Бірінші 10 жылдықты жақсы өттік. Қиыншылық қанша болса да біз жеңіп, елдігімізді сақтап, тәуелсіздігімізді сақтап, нарықтық экономикалы болып, саяси жүйеміз өзгеріп, әлемдік демократиялық үлгіге эволюциялық жолмен бірте-бірте жақындап келе жатырмыз. Бірінші онжылдықта тәуелсіз демократиялық ел құрдық. Мемлекетті құрудағы халқымыз болып араласқан істе Елбасының үлесі үлкен. Өткен онжылдықта шешімін тапқан мәселе осы деп ойлаймын",- деді жиын барысында Әбдімәлік Нысанбаев.