Бірлескен астық компаниясын құру бойынша жұмыстар егін орағына дейін аяқталады - АШМ

АСТАНА. Қаңтардың 18-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Жаңа ережелерге сәйкес, биылғы жылы астық дақылдарын егетіндерге қарағанда майлы дақылдарды өсіретіндер 10 есе, ал жемшөп өсіретіндер 30-85 пайызға артық сибсидия алады.

Бұл туралы бүгін Астанада өткен алқа мәжілісінде Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгінде астықты өндіру көлемінде, оны сақтау және экспорттау инфрақұрылымы мүмкіндіктері арасында алшақтық бар. Бұны шешу үшін «ҚазАгро» холдингінің қаржыландыру жүйесі аясында еліміздің астық өсіруші негізгі өңірлерінде элеватордың құрылысы бойынша шараларды басымдықты несилендіру жоспарланып отыр. Сонымен бірге, Қара теңіз порттарында және Қытаймен арадағы шекарада астық терминалдарын құруды жеделдетіп, еліміздің астық тасымалдау вагондарының жеке паркін жасақтау қажет», -деді министр.

А. Күрішбаевтың сөзіне қарағанда, осы тұрғыда мемлекеттік-жекеменшік серіктестікке негізделген бірлескен астық компаниясын құру өте маңызды саналады. Бұл компания астық ресурстарын басқару, көлік логистикасын салу және бірыңғай экспорттық саясатты жүргізуде ірі оператордың рөлін атқармақ.

«Оны құру бойынша жұмыстар басталды. Атап айтқанда, биылғы жылдың егін орағы науқанынының алдында бұл жұмысты аяқтауға ниеттіміз»,-деді министр.