Бірлігі бекемнің тірлігі де берекелі болмақ
Бір күн ғана емес‑ау, халықтар бірлігінің ұранымен мамыр айы тұтастай ұлтаралық татулықты, ынтымақтастық пен бейбітшілікті дәріптейтін іс-шараларға толы болмақ. Бұдан былай бұл күнді еліміздің басты мерекесіне айналдыру идеясына Мемлекет басшысы Н. Назарбаев бастамашылық жасаған еді. «Көктемгі 1 Мамыр мерекесі біздің елдегі этностарды бұрынғыдан да жақындастыра түсуі тиіс. Бұл біздің туған Қазақстанымыздағы 20 жылда құрған негізгі мерекеміз болады. Бірінші мамыр - бірліктің ерекше мерекесі. Сондықтан да, мамырда тұтас ай бойы жақындасудың барлық жаңа жолдарын байқап көру керек. Жұмыс істеу қажет. Егер барлық облыстарда тереңінен ойластырса, өте қызықты шаралар жүзеге асатын болады әрі мұның елге пайдасы да зор», ‑ деген еді Елбасы ағымдағы жылғы Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында сөйлеген сөзінде.
Расында, «Ырыс қайда барасың? Ынтымаққа барамын!» дейді халықтың әпсанасы. «Бірлк болмай, тірлік болмас» деген данасөз де бар. Ендеше, күні кешегі кеңестік одақтан қалып, қызыл империямен бірге құрдымға кетпеген, керісінше жаңа мемлекетте жаңаша түлеп, ұлттар арасындағы ыстық ықыластықты дәріптеуге бет алған мамыр мерекесін жаңғыртудың түпкі мәнісі осы - ынтымақ пен берекенің, бірліктің игілігіне шақыру деп білген ләзім. Шындығында, бұған дейінгі 1 Мамырдың мерекелену тарихына, оның мазмұны мен сипатына көз жүгіртсек, бұл күн тәуелсіз Қазақстанда 1996 жылдан жылдан бастап Елбасы Жарлығымен Қазақстан халқы бірлігі күні ретінде аталып өтіліп келеді. Дегенмен, одан ілгерідегі кезеңде қызылдар империясының, оның ішінде еңбекшілердің таптық мерекесі болған 1 Мамыр тәуелсіз Қазақстанның тарихына енгенде мүлдем жаңаша мән-маңызға ие болғаны анық. Айтулы күн ұлыстар мен ұлттардың бірлігіне ұлықтап, Қазақстандағы барлық ұлт өкілдерін де жұмылған жұдырықтай тұтастыруға үндеп келеді. Сөйтіп мамыр мейрамы бүгінде Қазақстан халқының бірлігі күні деген мазмұнда жалғасын тауып, көпэтносты елдің тыныштығы мен татулығының нышанына айналды.
Бүгінгі таңда әлемдегі құбылыстарды зерделей қарасақ, бейбіт өмір мен тұрақтылықтың, тыныштықтың қадірін арттыра түсетін жағдаяттар аз емес. Жаһандық аумалы‑төкпелі жағдайды бастан кешкен, мемлекеттік жүйенің тепе-теңдігі бұзылған, берекесі төгіліп, бірлігі сөгілген елдердің саны артып келе жатқанын да байқауға болады. Әсіресе, жылдар бойына жалғасып келе жатқан дінаралық, ұлтаралық қақтығыстар бойынша әлемдік дипломатияның небір озық үлгілері де отты нүктелердің шоғын сөндіре алмай отырғанына әлем жұртшылығы куә. Сондықтан да, бірлігі, ынтымақтастығы жарасқан елде тұрақтылық сақталып, тұрақтылық болған елдің болашақ дамуы баянды болмақ. Қазақстандық ұлтаралық татулық үлгісі де осыған негізделген.
Көптеген ұлттардың ортақ шаңырағына айналған Қазақстан бейбітшілік пен келісім арқылы әлемге үлгілік жолды нұсқап келеді. Әйтсе де, ұлтаралық келісім мен дінаралық татулықтың алтын бесігін тербету аяқ астынан туындаған немесе қазақ даласында өздігінен пайда болған дүние еместігі бесенеден белгілі. Ел иесі, жер иесі саналатын қазақ халқы алмағайып замандарда шартараптан бас сауғалаған, тағдыр тәлкегімен босып келген басқа жұртты бауырына басты. Өзінің тоз-тозы шыққанына қарамастан, басқаның қайғысына да ортақтығын танытты. Кеңестік жүйе қыспағымен қазақ даласын паналаған бөтен жұрт осында мәңгілік тұрақтап қалды. Тәуелсіздік тұсында да қырықжамаудай болған ұлттық құрамдағы осы ерекшелікті негізге алғандар «жаңадан пайда болуы ытимал үлкен қақтығыстар алаңы» ретінде қазақ даласын меңзеген еді. Алайда, қазақ халқының даналығы, кеңдігі мен сыйластығы этностық тегіне, әлеуметтік, діни және де шығу тегіне қарамай, жаңа мемлекеттің барша азаматының ұйысуына ұйытқы болды. Тәуелсіздіктің орнығуының ең қиын жылдарында Тұңғыш Президент Н. Назарбаевтың қайраткерлігі нәтижесінде Қазақстанда этносаралық сыйластық пен қоғамдық келісім тұрақты түрде сақталды.
Мінеки, осындай ұлттың дархандық мінезі, тұлғаның салиқалы саясаты бар қазақ елі қазіргі таңда қабырғасы қатайған, пікіріне халықаралық қоғамдастық өкілдері құлақ асатын беделді елге айналды. Қазақстан этносаралық және конфессияаралық келісім тәжірибесінің өзіндік үлгісіне ие бола отырып, толеранттылық және мәдениетаралық диалог мәселелеріне мән беретін бастаманы халықаралық деңгейге шығара білетін мемлекетке айналды. Сондықтан да, саяси тұрақтылық, қоғамдағы этносаралық және конфессияаралық татулықты орнату жөнінен әлемдік қоғамдастық тарапынан оң бағаға ие болған Қазақстанның қарыштап дамуына да ең алдымен ұлтаралық саясаттағы тұрақтылыққа негізделген қағидаттың ықпалы зор болды. Қазақстанның жетістігіне айналған қоғамдық келісім елдің нәтижелі әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси дамуының кепіліне һәм негізіне де айналып отыр. Бір сөзбен айтқанда, мемлекеттің экономикалық өсуі, әлеуметтік ілгерілеуі, демократиялық дамуы қоғам бірлігі ұйысқан және сақталған жағдайда ғана жүзеге асады. Ал ұлттар арасындағы бірлікті қамтамасыз ету - демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет құрудың маңызды шарты. Мемлекеттің экономикалық өсуі, әлеуметтік ілгерілеуі, демократиялық дамуы қоғам бірлігі ұйысқан және сақталған жағдайда ғана жүзеге асады. Ал ұлы далада орныққан ел бірлігін мерекеге ұластыру, әлемдік қауымдастық тарапынан жоғары бағаланған достық пен келісімді паш ету халықтар арасындағы тұтастықты одан сайын нығыздай түседі. Сондықтан да, халықтар бірлігі мерекесін жаңа форматта атап өту ‑ дер кезінде көтерілген әрі дұрыс идея болды. Бұндай идеяға қолдаудың болуы да мәселенің орындылығын аңғартса керек. Мәселен, ақын Несіпбек Айтұлы бұл жөнінде пікірін білдіре келе, бұрынғы халықтар достығы мен бүгінгі қазақстандық халықтар достығына назар аудартады. «Кеңестер одағының тұсында да халықтар достығы деген идеология жүрді. Алайда ол сырттай ғана жақсы көрінетін, оның үстіне күшті саясаттың және темірдей тәртіптің ырқымен жүзеге асушы еді. Соның салдарынан сырт келбетімізбен «интернациональды мемлекет» болып көрініп, ішімізде алай-түлей болып тулап жатушы еді. Өйткені, сол кезде ұсақ ұлттың есесі кетіп жатушы еді. Тілдік мәселе сыңаржақ жүргізілетін, қызыл империя орыс шовинизмін үдеткен сайын үдететін. Ал қазақ және қазақ секілді басқа да халықтар кеңес тұсынан бергі ұлы құрбандықтарды бастан өткергендіктен бұндай саясаттан өлермен болып қорқатын. Ал бүгінгі заман басқа. Президенттің кемеңгерлігі арқасында ешкімге күш салмастан-ақ таза, шынайы пейілмен, достық көңілмен қарым-қатынасты арттыру қолдау тауып отыр. Президент 1 Мамырды жаңа сипатта тойлансын, деді. Мен бұны қолдаймын. Мамыр мерекесі бұған дейін халықтардың ынтымақ күні болатын. Қазақстан халықтарының бірлігі күніне ерекше сипат беру арқылы Президент тағы бір көрегенділік танытып отыр. Жалпы, бұған дейін маған да, менің замандастарыма да 1 Мамыр кеңес тұсынан қалған, ескі, көнерген мереке секілді көрініп тұрушы еді. Енді жаңа сипат арқылы біз Президенттің тәуелсіздіктен бергі 20 жылда жасаған еңбегінің нәтижесін сезінеміз. Бұл кемеңгерлік шешім. Осындай кемеңгерліктің арқасында Қазақстан халқының бірлігі бүкіл әлем халықтарының ынтымағымен байланысып жатқан сыңайлы. Бұл өзгеге үлгі», ‑ дейді Н. Айтұлы.
Биыл бірінші мәрте жаңа пішінде, мерекелік шерулерге ұласып тойланатын 1 Мамыр мерекесі елдің бірлігін одан сайын нықтап, сол арқылы трлігінің берекелі болуына жол ашсын деп тілейік!