«Бірлігіміз жарасқан!» ұлттық сыйлығының иегерлері анықталды

АНА. 15 ақпан. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - «Бірлігіміз жарасқан!» сыйлығының қоғамдық кеңесі бүгін, сыйлық лауреаттарын анықтау үшін Астана мен Алматы қалаларында он-лайн отырысын өткізді.

Оған елордада Мәжіліс депутаты Елена Тарасенко, Қазақстанның іскер әйелдері қауымдастығының президенті Раушан Сәрсембаева, «Қазақстанның Азаматтық альянсы» ЗТБ атқарушы директоры Алина Хаматдинова, Алматыда - қазақтың біртуар әншісі Бибігүл Төлегенова, Ақжол Мейірбеков, журналистер Артур Платонов пен Инна Рудакова және тағы басқалар қатысты.

Күнделікті жасап жүрген қызметтерімен, жасаған ерліктерімен, қоғам мен елдің дамуына сүбелі үлестерін қосып жүрген қарапайым азаматтарды атап өту Қазақстанның Азаматтық Альянсы, Қоғамдық саясатты дамыту институты, «Жасыл ел» ҚБ, «Үй» мейірімділік қоғамы, Қазақстанның Іскер әйелдері қауымдастығы және КТК телеарнасының бірлескен жобасы.

Сыйлыққа номинанттарды ұсыну былтырғы жылдың қазан айында басталды. Жобаға барлығы 200-ден астам өтінім ұсынылып, олар бірнеше іріктеуден өтті. Бүгін қоғамдық кеңес мүшелері 20 үміткердің арасынан таңдау жасады.

«Аталмыш сыйлық - барша қазақстандықтарды «Бірлігіміз жарасқан!» ізгі істер мен жасампаз істердің ортақ қозғалысына қосылуға тікелей үндеп шақыру ғана емес, сондай-ақ ел болашағына сенетін әрі оның гүлденуі үшін тіршілік әрекеттерінің барлық салаларында белсенді жұмыс істейтін елдің нағыз халықтық қаһармандары туралы баяндау мүмкіндігі. Бұл ұлттық сыйлық қарапайым адамдар мен олардың күнделікті атқарып жүрген ел үшін маңызды қызметтерін көпшілікке паш етеді», - деді Р.Сәрсембаева.

Сыйлық иегерлері анықталғанымен, ұйымдастырушылар олардың есімдерін салтанатты марапаттау өтетін 2011 жылғы наурыз айының 3-іне дейін құпияда сақтауды жөн көрді.