Елбасының бастамасымен өткізілген шерулер - достығы мен татулығы жарасқан Қазақ елінің мерейін одан сайын тасыта түсері сөзсіз. Көп ұлтты мемлекет дегенде, біз көптеген дін мен көптеген конфессиялар шоғырланған ел туралы айтамыз. Қазақстанда қай жағынан болмасын еркіндік қағидаттары сақталған. Әрине, бүгінгі тәуелсіз Қазақстан жеріндегі этносаралық және конфессияаралық татулық бір сәтте және өздігінен пайда болған жоқ. Көп ұлттар мен көп діндердің өзара қарым-қатынасы абайламаса шытынап қоя беретін өте нәзік әрі сезімтал дүние.
Қазір бірқатар елдерде ұлттардың өзара қырықпышақ болуының астарында діни келіспеушіліктер жатыр. Қазақстан ұлттардың ауызбірлігімен мақтана алады, бірақ оның осал тұсы - сырттан келіп жатқан діни ағымдардың алдындағы қауһарсыздығы. Абайтанушы Омар Жәлелдің айтуынша, шатақ діндер жұмылған жұдырықтай болып отырған халқымыздың арасына іріткі салуы мүмкін, шаңырағымыздың шайқалуына себепші болуы ықтимал. Оның сөзіне қарағанда, ахуал жұмыр басты пендені құдайлық деңгейге көтеріп, пұтқа табынған коммунистік Кеңес Одағының ыдырауынан басталды. Еліміз егемендік алғаннан кейін мың өліп, мың тірілген қазақ жұрты атеистік ауыр соққыдан, дінсіздіктің дойыр қамшысынан есін жия алмай жатқанда, елімізге сырттан шатақ діндер лап қойды. Жері құйқалы, халқы момын, әрі діни сауатсыз, асты-үсті қазына-байлыққа мол қазақ жеріне көз тіккен «діндер» батыстан да шығыстан да әлі күнге дейін ағылып жатыр.
Дінтанушылардың пікірінше, қауіп өзге шатақ діндермен бірге, ислам атын жамылған өздерін уаххаби, таблиғ жамағат, хизбут тахрир, құраниттер және тағы да басқа ағымдардан төнуде. «Шыны керек, бұл рухани экспансияға қазақ руханияты, қазақ мемлекеті басында дайын болмай қалды. Олар Ата заңымызда жазылған діни сенім бостандығы мен дін туралы заңнамадағы әлсіз тұстарды шебер пайдаланып бүгінде Қазақстанда орнығып та үлгерді. Орныққаны былай тұрсын, тамырын тереңге жіберіп, күннен-күнге күшейіп ықпалды топқа айналу үстінде. Осының нәтижесінде осыған дейін біртұтас болып келген қазақ қоғамы діни негізде бөлшектеніп, жіктеле бастады. Бұл - өте қауіпті құбылыс, егер тап осылай кете беретін болса, Ата заңымызда жазылған мемлекетіміздің унитарлығына, біртұтастығына нұқсан келері сөзсіз», - дейді ол.
Бұл пікірмен, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Камал Бұрханов та келіседі. «Иегово куәгерлері, псевдохристиандық және басқа да ағымдармен күрескенімізбен қоймай, қазір оларды ұмытып, псевдоисламдық түрлі ағымдардың үлкен ағынымен тойтарысудамыз. Ана өз баласының қазасына қуанғанын қашан көрдіңіз? Теріс ислам сектараларында «егер ұлың бақилық болса, оған қуану керек, ол енді күнә жасамайды, ертерек Алла тағаланың жанына кетті» деп айтады. Бұл ешқашан болмаған аномальді нәрсе», - дейді ол.
«Қазақ еліне енген «шатақ діндер» кез-келген қоғамға кірігуі үшін қолданатын әдеттегі жоспарлары бойынша қимылдады. Яғни олар дәстүрлі қоғамның дәстүрлі түсініктері мен идеяларын қирата бастады. Ең алдымен: «қазақта өзі дұрыс дін жоқ», «қазақ деген Аллаһ тағалағы серік қосады, яғни мүшріктер», сондықтан да «ата-бабаларың адасқан» деген қазақ қоғамының іргетасын шайқалтып, тамырын қиятын, бастау бұлағының көзін бітейтін идеяларды жастардың санасына құя бастады. Табанды да дәйекті жүргізілген бұл рухани экспансияның нәтижесінде «шынында да ата-бабаларымыз адасқан екен» дейтін жастар пайда болды. Жастар ғана емес, қоғамның консервативті деп есептелетін орта жастағы аға-әпкелеріміз бұл идеяға бас шұлғыды. Жағдайдың ең сорақылығы сонда, өз қағынан өзі жеріген, ата-бабасын мансұқтап, қазақ мемлекеттігінің негізгі іргетасы - қазақ болмысына мұрнын шүйіріп, жеркенішпен қарайтын қауымның пайда болуы. Ақырында, «Алла -бір, пайғамбар -хақ», «Дінім - Ислам, кітабым - Құран» деп мақалдайтын қазақ, Ислам дінінің негізгі қағидаларын өлеңге бергісіз аудармаға айналдырған қазақ - бүгін өзінің мұсылман екендігін жұртқа дәлелдеуге мәжбүр болып, трагикомедиялық күй кешіп жатқан түрі бар. Бұл - ащы болса да ақиқат, бүгінгі күннің шындығы. Осы жағдайға, осындай пұшаймандық халге қазақ социуымы қалай ұрынды, қалай тап болды деген аш бүйірден қадалатын сүйкімсіз сұрақтың туындауы да заңды», - дейді О.Жәлел.
Оның айтуынша, қазақ халқының санасында «мұсылман» ұғымы мен «қазақ» ұғымы әлдеқашан бірігіп кеткен. Оларды бөле-жара қарастыру тіпті де мүмкін емес. Ислам қағидалары мен заңдары қазақ мұсылман болғалы он үш ғасырдың ішінде оның салт-дәстүріне кірігіп кеткені соншалық, оларды айыру сүттің құрамындағы су мен сүтті айыруға ұмтылғанмен тең. Сол себептен де бүгінгі күні «қазақтың дәстүрінде былай, Исламда былай» деп, қазақ дәстүрі мен дінді қарсы қою негізсіз.
Сондай-ақ дін жанашырлары, қазақ халқының әсіресе, қыз-келіншектердің киім киісі ислам дінінен алшақ деген пікірмен келіспейтіндігін айтады. Қазақтың қыз-келіншектері киген қамажай көйлектердің етегі ешқашан қысқа болмаған, ал шаштарын жас ерекшеліктеріне сай - сәукеле, орамал, кимешек және тағы басқалармен жауып жүрген. Ал қазіргі, бесіктен белі жаңа шыққан құртақандай қыздардан бастап самайын ақ шалған әжелерімізге дейінгі әйел атаулылар беті-басын тұмшалап, қара жамылып, хиджап киюі қоғамның тек үрейін туғызуда. Оларды айналадағылар алакөздеп, қорғана қарайтыны да рас. Ал ислам діні мен қазақ халқының айдарынан қашан да мейірімділіктің желі есіп тұрған.
«Қазір хиджабтарға қатысты қоғамда көптеген әңгімелер жүріп жатыр. Біз этнография мен дінді шатастырмауымыз тиіс. Құранды біз асыл тұтамыз, ол шүбә жоқ Аллаһтың кітабы. Бірақ араб, парсы әйелдері ислам келгенше бекинимен жүрген жоқ қой. Олар қазіргі киімдерімен жүрген, яғни өздерінің салт-дәстүрлері бойынша. Ислам келгеннен кейін олар исламға дейін болғандарды заңдастырды. Бұл араб этнографиясы, олардың ежелгі киімдері. Енді исламды желеу етіп оны бізде насихаттамақ. Мен хиджапқа үзілді-кесілді қарсымын. Оның үстіне, қазақ қоғамында қыз балаға, келіншекке, әйелге деген қарым-қатынас мүлдем бөлек. Ал олар әйелді сатып жіберуге болатын малмен теңеген, жыныстық құштарлығын қанағаттандыруға, малай ретінде пайдалануға болатын зат ретінде қараған. Бізде керісінше, аялап-мәпелеген», - дейді халық қалаулысы К.Бұрханов.
Ал «Ақ жол» партиясының төрағасы Әлихан Бәйменовтың айтуынша, балиғатқа жасы толған адамның өз еркімен таңдау құқығы бар. «Бірақ кейбір дәстүрлердің, атап айтқанда, араб, парсы елдері дәстүрлерінің ислам дініне қатысы жоқ екендігін ұмытпауымыз қажет. Онымен бірге, орамал тартудың да түрлі тәсілдері бар. Міндетті түрде тұмшалап жауып алудың қажеті жоқ», - дейді ол.
Ә.Бәйменов исламның тура жолын ұстанып жүрген қыз-келіншектерге орамалды тартуға мүлдем тыйым салуға да болмайтындығын айтты. Хақ исламды жақтаушылардың осы орайдағы бірауызды пікірі - салт-дәстүріміз негізінде ислам киімдерінің заманға сай үлгілерін жасау қажет.
Әрине, Қазақстанның құзырлы органдары «басқыншыларды» төбемізде ойнатып қойып, қол құсырып отыр деуге болмайды. Шама келгенше, заң аясында оларға төтеп беруге тырысып-ақ жатыр. Мысалға, Қазақстан Мұсылмандарының діни басқармасы дін оқуына шет елдерге шәкірт жіберу мәселесін қадағалауға алып, оларды өз елімізде дайындауды қолға алды. Шет елден оқып келген қазақ жастарының бәріне бірдей қара жақпаймыз, бірақ жасыратыны жоқ, шатақ діндер мен теріс ағымдардың кеңінен таралуына осы шет елде оқып келген қазақ жастарының «қосып жатқан үлесі» баршылық. Сонымен бірге, жұртшылықтың діни сауатын ашуға тырысып-бағып жүрген дінтанушыларға, бұған дейін белгілі бір деңгейде бейтараптылық сақтап келген Қазақстанның БАҚ өкілдері де дабыл қағып, бұл іске кәдімгідей атсалыса бастады.
Шамасы аталғандардың әрекеттерінің нәтижесі ауыз толтырып айтарлықтай болмай тұр. Себебі, үстіміздегі жылғы 19 сәуірде өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті ХVІІ сессиясында Елбасы, ҚХА Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев этносаралық және конфессияаралық қатынастардың қыр-сырына қаныққан нағыз мамандардың тапшылығын айтып, осы екі мәселені жіті зерттейтін қуатты орталық құру бастамасын көтерді. «Бұл - ғылым, және өте салмақты ғылым. Әркім ұлтаралық қатынастың маманы болуға тырысады, әркім осы мәселе бойынша пікір айтқысы келеді. Қолы таза еместердің оған бас сұғуларына болмайды. Адамдар арасындағы қарым-қатынас - өте нәзік материя, оның үстіне әңгіме этносаралық, дінаралық қарым-қатынас туралы болған кезде. Бізде соңғы жылдары ондаған адам осы аса көкейкесті тақырып бойынша ғылыми дәрежелер алды. Ешкімді де ренжіткім келмейді, осы мәселелер бойынша бір топқа жинауға болатын нағыз мамандар саусақпен санарлық! Олар жоқ десек те болады», - деп атап өткен болатын Мемлекет басшысы.
Ал Парламент депутаты К.Бұрханов, бұл соғыс алаңында жеңіске жету халық арасында идеология жүргізу ұсынысын жасап отыр. Ұлтаралық келісімімен, бейбітшіл халқымен мақтана алатын - Қазақстан бұл құндылықтарға аталмыш мәселелерді мемлекеттік, ұлттық идеология дәрежесіне көтере алғанының нәтижесінде жетті. «Ұлтаралық татулық» пен «дінаралық татулық» егіз қозыдай ажырамас ұғым болғандықтан, идеологияны екінші бағытта да жүргізу керек. «Өкінішке қарай, қазір идеологиялық жағынан біз осы майданда жеңіліп отырмыз», - дейді ол.
Біреулер «идеология» сөзін үрке қабылдар. Бірақ мұндай идеология Кеңестер одағының тұсында да жүрді. Оның үстіне ол күшті саясаттың және темірдей тәртіптің ырқымен жүргізілгенін ұмытпайық. Соның салдарынан сырт келбетімізбен «интернациональды мемлекет» болып көрінгенімізбен, ішіміз алай-түлей болып тулап жататын. Сондықтан бейбітшіл мақсаттағы идеологиядан үрейленетін түгі жоқ.
Депутатының айтуынша, идеология - көпшілік бірдей түсіне бермейтін - күрделі және бір мезгілде керекті құбылыс. Халықтың жағдайын жасап қойсаң, олар бейбітшілікте өмір сүре береді деген ұғым қате. Ол халыққа жақсы өмір сүруге жағдай жасалған, бірақ идеологиядан жұрдай мемлекеттерде бүгін орын алып жатқан ахуалдарды мысалға келтірді. Мәселен, Ливия, Бахрейн, Сауд Арабиясы елдерінде ЖІӨ адам басына шаққанда 19 мың АҚШ долларын құрайды. Қазақстанда ол көрсеткіш 9 мың долларға тең.
«Ливияда адам басына шаққандағы ЖІӨ Қазақстанға қарағанда екі есеге көп, мемлекет жергілікті халыққа көптеген артықшылықтар мен жеңілдіктер беріп келеді. Атап айтқанда ең арзан не болмаса тегін газ бен жарық соларда. Автомобиль сатып алса, мемлекет оның жартысын өз мойнына алады, ал қалған бөлігін бірнеше жылға жеңілділген несиеге береді. Ливияның әрбір жас отбасына аяққа тұрып кету үшін мемлекет 60 мың АҚШ доллары бөлінеді. Басқа не керек деп ойлайсың? Бірақ бір жерде олқылық бар деген сөз. Негізінде Ливия өзінің идеологиясын Кеңестік одақ ыдырағаннан кейін жоғалтып алды. Халықтың жағдайын жасап қойсаң, олар бейбітшілікте өмір сүре береді деген ұғым қате. Оны Ливия мен Бахрейн көрсетті. Мемлекетке идеология керек», - деді Парламент өкілі.
Идеология бірнеше құрамнан тұрады. Ол ең алдымен - теориялық идеология. Оның ұсынысы бойынша, шенеуніктер идеология бойынша теориялық еңбектер жаза алмайтындықтан, оның теориялық базасын ғылыми элита жасауы керек. Ал шенеуніктер оны жүзеге асырудың жобалары мен бағдарламаларын жасар еді.
Сондай-ақ депутаттың пайымынша, дінсымақ сенімдерге тойтарыс берудің тағы бірден бір амалы Қазақстанда ислам және христиан - әлемдік діндердің мәртебесін жоғарылату. «Мен қазір ислам мен христиан діндері екі ресми дін ретінде белгіленіп көрсетілуі тиістігін көтеріп жатырмын. Олар аталмыш жалған діндерге тосқауыл болар еді», - деді.
Естеріңізде болса, Президент Н.Назарбаев, ҚХА-ның 17-ші сессиясында мұсылмандар мен православиелік христиандар бірлестіктері Қазақстанға ойлары мүлдем бөтен түрлі діни секталар мен ұйымдардың кіруінен сақтайтын, біздің діни қатынастарымыздың басты қорғаушылары болулары тиістігін айтып, бұл мәселені Білім және ғылым министріне жеке бақылауға алуды тапсырған болатын.
Иә, Қазақстанда қазір мешіттердің мұнаралары мен храмдардың күмбездері бейбіт қатар көршілік етеді. Бірақ осы қарым-қатынастар одан әрі нығайып, мәңгілік сүйіндіру үшін алдымызда атқарар істер әлі де көп.