Бірлік бар жерде - тірлік бар

Фото: None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақтың «Бірлік бар жерде - тірлік бар» деген қанатты сөзі татулық пен бауырластықтың айғағы секілді. Болашақтың бірліксіз болмайтынын болжай білген бабаларымыз осы қағиданы басты бағыт етіп ұстағандай. Ол атадан балаға мұра болып, әлі де жалғасын тауып келеді.

Әлемдік тәжірибеде ұлттар мен ұлыстарды бір шаңырақтың астына біріктіріп, береке-бірліктің қадір-қасиетін көрсетіп келе жатқан мемлекеттер көп емес. Міне, 130-дан астам ұлт пен ұлыстың өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатқан Қазақстан бүгінде әлем елдеріне үлгі-өнеге.

Қазақстан Республикасын мекен еткен 130 дан астам ұлт өкілі күні бүгінге дейін ынтымақтастыққа, бір үйдің баласындай тату-тәтті жарасымды тіршілік кешіп келеді. Жүзі басқа болғаны мен жүрегі бір, тілі басқа болғанымен тілегі бір, мақсат-мүддесі ортақ, бірлігі мықты, достығы берік ұлттар қазақ елінің салт-дәстүріне, ұлттық құндылықтарына құрметпен қарайды, сондай-ақ қазақ халқының қарапайымдылығы, қонақжайлылығы, бауырмалдығы үшін ерекше бағалайды, бастысы - өздері қоныс тепкен Қазақстан жерінің барлық ұланымен ауыз бірлікте, туыс болуды көздейді.

Тәуелсіз елімізде барша қазақстан­дық­тарды біріктіріп, ел болашағының іргетасын қалауда тарих, мәдениет және тілдің атқарған рөлі орасан зор болғанын бәріміз мойындаймыз.

Елбасы өзінің халыққа Жолдауында «Біз үшін ортақ тағдыр - бұл біздің Мәңгілік, лайықты әрі ұлы Қазақстан! Мәңгілік Ел - жалпы қазақстандық ортақ шаңырағымыздың ұлттық идеясы. Бабаларымыздың арманы» дей келе барша қазақстандықтарды біріктіретін, ел болашағының іргетасын қалаған басты құндылықтарды атап өтті. Осы құндылықтар арқасында біз әрдайым жеңіске жеттік, елімізді нығайттық, ұлы жетістіктерімізді еселедік.

Оңтүстік өңірі ежелден Мәңгілік Ел идея­сынан туындап отырған ұлттық бірлікті санада сақтаған, татулықтың ордасы болған өңір. Отандастарымыздың береке-бірлігінің темір қазығы болатын идеяны одан әрі дамытуға міндеттіміз. Көпұлтты қазақ даласында бейбітшілік пен тұрақтылықтың салтанат құруы Елбасымыз Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаевтың көреген саясаты арқа­­сында жүзеге асуда. Мемлекет басшы­сы­ның «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы - Қазақ­стан­ның өткен тарихы, бүгіні мен жарқын бола­шағының алтын көпірі. Ортақ Отанымыздың басты құндылықтарын, асыл мұрат­тарын құрметтеп, қастерлеу - әрбір қазақ­стан­дықтың парызы. Ұлт болып бірігіп, Ел­ба­сының алдымызға қойған мақсат-мін­деттерін жүзеге асыру - әрбір азаматтың боры­шы.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев осы жылды «Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы» деп жариялады. Біздің елімізде ешқандай этносқа қысым жасалмайды. Керісінше, олардың тілі мен салт-дәстүрінің дамуына барынша қолдау көрсетіледі. Елбасы да қысым жасаудың кез келген түріне, бейбітшілік пен келісімге қолсұғушылықтың кез келгеніне жол жоқ екенін баса айтты. Өзіміз күнделікті ақпарат құралдарынан естіп, көріп жүргеніміздей көрші елдердегі әлеуметтік шиеленіс, ауызбіршіліктің жоқтығы салдарынан қарапайым халық зардап шегіп, тіпті күнкөріс жағдайлары да нашарлауда. Бүгінде әлем үлкен өзгерістер жолағына аяқ басқанын да президентіміз айтып өтті. Халықаралық қатынастар айтарлықтай дағдарысты бастан кешіп отыр. Осындай күрделі жағдайда елімізде берекелі тірліктің орнауы, ең бірінші ауызбіршіліктің арқасы деп білемін. Мұндайда, қазақ халқында айтылатын әдемі мақал бар. «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді». Міне, сондықтан кең-байтақ қазақ даласында орнаған татулықты мәңгі ұстап тұруда өзге ұлт өкілдерінің қосар үлесі де зор.

Қазақстанда қоғамдағы келісім мен тұрақтылықты қамтамасыз ететін этностар мен діндер арасында орнықты әрекет үлгісі қалыптасты. Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы төрағалық міндетіне кірісуі кезінде сөз сөйлеген Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «біздің ұлтаралық және дінаралық келісімнің моделі - бүкіл әлемдегі түрлі конфессиялар арасындағы қарым-қатынас ісіне Қазақстанның қосқан қомақты үлесі» деген болатын. Еуразия жүрегінде діни және мәдени әртүрлілік үлкен тарихи кезеңде қалыптасты.

Отанымыздағы бейбітшілік пен келісім, бұл жерде тұратын адамдарды біріктіретін, туыс ететін даналықтың белгісі. Ертеректе Қазақстан бүлікшілерді аластататын, репрессияға ұшыраған халықтар қоныс аударатын мекен болғандығы жалған емес. Сол халықтар тамырын терең жайып, бұл жерден нағыз Отандарын тапты. Егемендігімізді әлем таныған бүгінгі күні біз достық пен адами келісім негізінде ғасырлар бойы тұғыры қаланған мемлекет түзеудеміз. Бұған сеніммен сүйсіне қараған Батыс пен Шығыс Қазақстанға бірқатар халықаралық ұйымдарға төрағалық ету мәртебелі миссиясын сеніп тапсырды. Қазақстан Республикасы Еуразиялық экономикалық ынтымақтастық, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті және Түрік мәдениеті мен өнерін бірігіп дамыту бойынша халықаралық ұйымдардың атқарушы құрылымын басқарды.

Қазақстан-демократиялық жолмен дамып келе жатқан зайырлы жас мемлекет. Қазіргі таңда біздің елімізде мемлекетіміз, халқымыздың біртұтастығын, рухани бірлігін сақтау-басты міндет. Елбасымыз Нұрсултан Әбішұлы Назарбаев айтқандай мемлекетіміздің ең негізгі мақсаты-экономикасы, әлеуметтік жағдайы, мәдениеті дамыған, ұлтаралық татулықты, бейбітшілікті төбесіне ту етіп көтерген демократиялық, құқықтық мемлекет құру болып табылады.

Әлемдік дамудың жаңа тарихи кезеңі адамзат баласының әлемдік діндердің қауіпсіздік жүйесіндегі рөлін және өркениеттердің жаңа серпінмен рухани бірлесуі қажеттілігін түсінуімен сипатталады. Ол түсінікке сәйкес, ұлтаралық және дінаралық әрекеттестік пен ынтымақтастық арқылы өркениеттердің өзара үнқатысуы әлемнің үйлесімділікте дамуының негізгі шарты болып табылады. Осыған орай, өркениетаралық және конфессияаралық үнқатысу бүгінгі күннің күн тәртібіндегі түйінді мәселеге айналады.

Қазақстан Республикасы мемлекеттік қарым-қатынасты сәтті құра алатынын, этносаралық келісімді қолдап, дамыту және сонымен қатар мемлекеттік құрылыстың проблемаларын шеше алатынын бүкіл әлемге көрсете алды, бұның барлығы жаһандану процестерінің тереңдеген және әлемдегі жалпы тұрақсыздықтың үдей түскен, қауіп және қатердің ескісі қайта көрініп, жаңаның қалыптасқан кезінде көрініс тапты.

Ойды қорыта айтқанда, Азия мен Еуропаның түйіскен жерінде орналасқан Қазақстанның өзін ұлтаралық және конфессияаралық сұхбаттың белсенді алға тартушысы ретінде ұстануы бостан бос емес. Сан алуан ұлт және конфессия өкілдері мекен ететін біздің еліміз олардың тығыз өзара әрекеттесуінің мол тәжірибесіне ие және сондықтан өркениеттер мен конфессиялардың жемісті сұхбатының мекені болу атағына бірден бір лайықты ел.