Бірлік күні Нұрсұлтан Назарбаев Трамппен өрбіткен әңгімесін еске алды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астанадағы «Қазақ елі» монументі алдында өткен мерекелік концертте халықты Бірлік күнімен құттықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Құрметті астаналық ағайын! Бүкіл қазақстандықтар! Баршаларыңызды бүгінгі ұлық мерекеміз - Қазақстанның Бірлік мейрамымен шын жүректен құттықтаймын! Ата-бабамыздан «Бірлік бар жерде тірлік бар» деген сөз қалған. Тірлік деген сөз - адамның аман болуы, тірлік деген сөз - еңбек, еңбек арқылы байып, сол арқылы мемлекетті қолдап, өркендеп, өсу деген сөз. Біз тағдырдың талқысына түскен халықпыз. Осылай кең байтақ Отанымызда көп ұлт пен ұлыстың адамдары жиналып, бір қазанның ішіндегідей қайнап, бірлік пен еңбектің арқасында осындай дәрежеге жеттік», - деді Президент.

Мемлекет  басшысы бірліктің арқасында мемлекет құрғанымызды атап өтті.

«Бірліктің арқасында біздің бірлігімізден бүкіл дүние үлгі алатындай дәрежеге жеттік. Біздің бірлігіміздің арқасында мемлекетімізді өркендетіп, өсірдік. Экономиканы көтердік. Жыл сайын халықтың әл-ауқатын жақсартуға жұмыс істеп жатырмыз. Кешегі менің бес бастамам біріншіден халыққа баспана беріп, екіншіден салықты төмендету, үшіншіден жастарға жатақхана, жаңадан мемлекет арқылы мүмкіншілік беру, шағын бизнесті дамытып, ауылдың адамдарын көтеру. Осының барлығы неге болып жатыр? Бірлігіміздің арқасында!» - деді ол.

Нұрсұлтан Назарбаев сонымен қатар, бір жайды еске алды.

«Біздің бірлігіміздің арқасында бүкіл дүние бізді сыйлайды. Барлық діндер келіп біздің елімізде ғана жиналады. Жанжалдасқандардың табысуы бізде жүзеге асады. Өздеріңіз білесіздер, осы қаңтарда Америкада сапармен болдым. Ол елдің президенті Дональд Трамп менен сұрады. Трамп мырза өзінің әріптестерімен ары жақта отырды да, біз бер жақта отырғанда менен: «Сендердің қай елдермен жанжалдарың бар?» деп сұрады. Мен сонда Қазақстанның ешқандай елмен жанжалы жоқтығын айттым. Біз барлығын сыйлаймыз, бізді де барлығы сыйлайды. Сонда Трамп: «Қарашы Қазақстанның ешкіммен жанжалы жоқ. Ал біздің төңірегіміздің бәрі жанжал» деді. Сондықтан Алла бізді осыдан ешуақытта айырмасын. Бірліктен айырмасын. Отыз елдің қатарына осы бірліктің арқасында жетеміз. Ұрпағымыз бізге риза болатын болады», - деп түйді Президент.

Еске сала кетсек, бүгін Президент Нұрсұлтан Назарбаев Астанада халықтық серуенге қатысты.