«Бірлік жаңа жетістіктер мен жеңістерге бастайды» - республикалық басылымдарға шолу
***
Кеше Ыстамбұлдағы "Чираган Кемпински" қонақ үйінде Түркітілдес мемлекеттер басшыларының Х саммиті болды, оның жұмысына Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, сөз сөйледі. Осыған орай «Егемен Қазақстан» газетінде «Бірлік жаңа жетістіктер мен жеңістерге бастайды» деген тақырыппен көлемді мақала басылды. «Бүгінгі саммит Түркі кеңесінің институттық қалыптасуына жаңа серпін береді деген сенімдемін. Біздің алдымызда Түркі кеңесі Хатшылығының құрылуы, Ақсақалдар алқасы туралы ереженің қабылдануы, Түркі әлемі академиясының нақты жұмысқа кірісуі сияқты жалпы түркілік құрылымдарды одан әрі дамыту міндеті тұр. Былтыр Нахчыван саммиті кезінде біз Түркі әлемі академиясын ашу жөнінде игі бастама көтерген едік. Осы академияның тұсаукесер рәсімі мамыр айының аяғында Астанада өткізілді. Халықаралық мәртебеге ие болатын бұл академия жұмысы түркітілдес халықтардың тамырлас тарихын зерделеуге және ортақ мәдениетін дамытуға жұмылдырылады. Осыған орай, жалпы түркілік өркениеттің өркендеуіне мүдделі барша мекемелер мен ғалымдарды академияның жұмысына белсене атсалысуға шақырамын», деді Н.Назарбаев.
Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Алматы облысының Жаркент өңіріндегі Қорғас ауылына келіп қайтты. Үкімет басшысының ресми іссапары екі ел шекарасында салынып жатқан "Қорғас" халықаралық шекаралық әріптестік орталығындағы құрылыс жұмыстарының барысымен танысуға арналды. Үкімет басшысының бұл сапары жайында «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санындағы «Басты талап - бәсекеге қабілеттілік» деген мақалада тарқатыла баяндалған. «"Қорғас" еркін экономикалық аймағы бірнеше бөлімнен тұратын болады. Мұнда үлкен көлік терминалы, сауда көрмесі, келген адамдар ашық аспан астына шықпай жалғастыра аралайтын сауда павильондары, бір мезетте 5 мың адам қабылдауға мүмкіндігі бар қонақүй кешені салынады. Халықаралық қаржы және өндірістік ұйымдардың ірі халықаралық кездесулерін, конференцияларын, симпозиумдарын өткізуге арналған орталық салынбақшы. Офистер мен мейрамханалар, казино, кинотеатр, көп қабатты тұрғын үйлер, мектеп пен балабақша, келушілер демалатын басқа орындар жайы да ойластырылған», деп жазады басылым.
«Тайынша ауданында тағы бір игі іс өмірге келді. Абай ауылдық округінде көкөніс өсірумен айналысатын "Астық-СТЕМ" ЖШС тамшылатып суару әдісін қолдана бастады. Бұл тәсіл оңтүстік жақ үшін таңсық болмағанмен теріскей өңірде кенжелеу дамып келе жатқаны жасырын емес», деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. Сергей Звольский басқаратын шаруашылық егіншілікпен көптен бері айналысады. 5 мың гектарға бидай, 2 мың гектарға зығыр, 1,5 мың гектарға рапс, 120 гектарға картоп егеді. Ауа райының күрделілігіне қарамастан, биыл өнім тәуір шықты.
***
«Таң ата Астанадағы Тәуелсіздік сарайының алдындағы «Қазақ елі» монументі алаңына қызыл сауытты көліктер қаптады, арнайы көк комбинезонды, ақ, қызыл, сары, көк телпекті адамдар жанталаса жүгіріп, сап түзеді. Олардың қасына қазақ «жеті қазынаның бірі» ретінде қасиет тұтатын, бүкіл өмірін адам баласына бағыштаған жануар - төбеттер де сатылы лауазым сақтауға үйренгендерін паш етіп, тұра-тұра қалысты. Соңынан алаңда еліміздегі апаттармен күресетін «бас маман» көрінді. Осылайша, кеше елордада Төтенше жағдайлар министрлігі қазақ елінің бас қаласында ашылатын құрлық елдері көшбасшыларының ұлы құрылтайына дайындықты бастап кетті», деп жазады «Айқын» газеті жұма күнгі санында жарық көрген «Ұлы құрылтай қауіпсіз өтуі тиіс» деген тақырыппен басылған мақаласында. Төтенше жағдайлар министрлігінің дерегінше, ЕҚЫҰ саммиті сынды жоғарғы деңгейдегі салмақты саяси жиын мен Азиада - 2011 сынды құрлықтық спорт думанына дайындық тексерілген кешегі арнайы тактикалық жаттығулар "Қазқұтқару - 2010" құтқару бөлімшелерінің 15-халықаралық жиыны-семинары аясында ұйымдастырылған. Сонымен қатар кеше В.Божконың байланыс арқылы басшылығымен, Алматы қаласы мен Алматы облысында да 2011 жылғы VІІ қысқы Азиада ойындарына жұмылдырылған нысандарда тактикалық оқу-жаттығу өткізілген.
«Айқын» газетінің жазуынша, өздерін жергілікті тұрғындарға «емшілерміз» деп таныстырып, арам пиғылды іс-әрекеттерін жүзеге асырып келген өзбекстандық төрт келіншекті аралдық полицейлер қолға түсірді. Бұл жайында басылымның бүгінгі нөміріндегі «Емшіміз» деп елді алдағандар» деген мақалада кеңінен баяндалған. «Өзбек келіншектер өздерінің қызметін 20 - 40 мың теңгеге бағалапты. Тұрғындардың қайсыбірі сұраған ақшасын берсе, енді біреулері алтын жүзіктері мен сырғаларын, тіпті ұялы байланыс телефондарын беріп есептесіпті. Талайларды сан соқтырған жалған емшілерді Арал қаласының жол полицейлері көшеде қайыр сұрап жүрген сәтінде құрықтады. Қазіргі күні талайды қапы қаптырған төрт келіншектің үстінен қылмыстық іс қозғалды», деп жазады басылым.
Өткен жылы қыркүйектің 11-інде кешкі жұмыс аяқталар уақытта Жайық өзені арқылы екі құрлықтағы Баймұханов пен Мечников көшелерін байланыстыру мақсатында құрылысы жүріп жатқан жаңа көпірдің 900 тонна салмақты құрайтын бір бөлігі өзенге құлап түскен болатын. Апаттың салдарынан жұмысшылардың сегізі ізім-қайым су астында жоқ болып, біреуі орташа дене жарақатын алып, ауруханаға жеткізілген еді. Осы қайғылы төтенше оқиға қатысты қозғалған қылмыстық іске соңғы нүкте қойылып, жазалыларға сот кесімін айтты. Бұл жайында «Айқын» газетіндегі «Көпір «құлатқандарға» бір жылдан соң үкім шықты» деген мақаладан егжей-тегжей оқи аласыздар.
***
«Дәл қазір футболымыздың кежегесі кейін тартып, спортсүйер қауым үшін өзекті мәселеге айналып тұр. Ұлттық құраманың сүреңсіз ойындары бір-біріне сабақтасып, серпін алар сиқы жоқ. Ал ұлттық құрама тізгінін сеніп тапсырған неміс маманы Бернд Шторк пен Қазақстан футбол федерациясы ұлттық құрама ойынын жетілдірудің «төте» жолын тапқан болып, қарекет жасауда», деп жазады «Алаш айнасы» газеті. Мақаланың толық нұсқасын басылымның жұма күнгі нөміріндегі «Жанкүйерлер депутаттарға жалтақтайды» деген тақырыптан оқи аласыздар.
Осы басылымның тұрақты «Дат!» айдарында саясаттанушы Ерлан Қаринмен арадағы сұхбат «Қазақстан ЕҚЫҰ-ның ұмытылып бара жатқан қағидаттарын қайта жаңғыртты» деген тақырыппен берілген. «Алаш айнасы» газетінің барлық сауалдарына тұщымды жауап берген ол «қырғыз да қазақ секілді тәуелсіздікті бір уақытта иеленген ел. Бірақ соның бақытын сезе алмай, қырқысудың салдарынан егмендіктен айырылу алдында тұр. Қазіргі көршіміз «ыдырап бара жатқан ел» атанды. Осының бәрі посткеңестік элиталарға үлкен сабақ болса игі. Бұған дейін біз «саясаткерлер қателік жасаса, олар мүлкінен, «креслосынан», бас бостандығынан айырылып қалуы мүмкін» деп ойлап келдік. Бірақ мына заман саясаткердің қателігінен бүткіл бір ел мемлекеттігінен айырылып қалуы мүмкіндігін көрсетуде. Сол үшін Тәуелсіздіктің қадірін біл, Алаш баласы!», дейді.
***
«Казахстанская правда» газетінің жазуынша, кеше Астанадағы Қазақ Гуманитарлық-Заң университетінде ҚР Президенті Хаттамасының бұрынғы бастығы, «Болашақ» стипендиаттары қауымдастығы кеңесінің төрағасы Бауыржан Байбектің «Қазақстан Республикасының мемлекеттік хаттамасы» атты кітабының таныстырылымы болды. «Қазақстан Республикасының мемлекеттік хаттамасы» атты кітап арқылы еліміздің тәуелсіздік жылдарында жүріп өткен жолын талдауға, мемлекеттік хаттама туралы, дипломатиялық хаттама мен әдеп жөнінде толыққанды теориялық материал беруге талпыныс жасадық», депті басылым авторы.