Бірнеше кодекске енгізілетін түзетудің мақсаты ? сот жүйесін жетілдіру

АСТАНА. Маусымның 16-сы. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті Мәжілісте бірінші оқылымда мақұлданған «Қазақстан Республикасының Қылмыстық, Қылмыстық іс жүргізу және Азаматтық іс жүргізу кодекстеріне сот жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қарап шықты,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.Заң жобасын екінші оқылымға дайындау барысында депутаттар прокурордың, тергеу және анықтау органдарының қылмыстық іс бойынша іс-әрекетіне шағымдарды қарау тәртібін, күдіктіні қамауға алу мерзімін ұзарту тәртібін нақтылайтын түзетулер енгізді. Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексіне Қазақстан Республикасының және басқа мемлекеттің аумағында экстремизмді жүзеге асыратын шетелдік немесе халықаралық ұйым Қазақстан Республикасының аумағында тарататын ақпараттық материалдарды экстремистік деп тануға қатысты түзетулер енгізілді.Депутаттар сондай-ақ азаматтық процесте апелляциялық сатыдағы соттың қаулылары мен ұйғарымдарына кассациялық наразылық білдіру құқығы істі апелляциялық тәртіппен қарауға қатысқан прокурорға тиесілі болатыны туралы толықтыру енгізді. Сонымен бір мезгілде Қазақстан Республикасының Бас прокуроры және оның орынбасарлары, облыстардың прокурорлары және оларға теңестірілген прокурорлар істі қарауға қатысқанына, не қатыспағанына қарамастан, апелляциялық сатыдағы соттың қаулылары мен ұйғарымдарына наразылық білдіруге құқылы екені жазылған. Депутаттар енгізген түзетулер жұмыс тобында жан- жақты қаралған. Қорытынды салыстырма кестеге 194 түзету енгізілген.