Бірнеше министрлік 2 мың бизнес субъектісіне заңсыз тексеру жүргізбек болған – Берік Асылов

АСТАНА. ҚазАқпарат – Бас прокурор Берік Асылов Мәжіліс депутаттарының инвестицияларды қорғау туралы сауалына жолдаған жауабында жыл басынан бері құзырлы органның 5 мыңнан астам тыйым салу және шектеу шарасының күшін жойғанын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Кəсіпкерлік субъектілерінің мүддесі үшін прокурорлар жыл басынан бері 5 мыңнан астам тыйым салу жəне шектеу шараларының, 560 млн теңгеден астам сомаға 2 мың заңсыз əкімшілік іс жүргізудің күшін жойды. Бас прокуратураның наразылықтары бойынша министрліктердің (денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, экология, қаржы, индустрия жəне инфрақұрылымдық даму) 2 мың бизнес субъектісіне заңсыз тексеру (бару арқылы профилактикалық бақылау) жүргізуді көздеген 9 бұйрығының күші жойылды (өзгертілді)», - деп жазады Берік Асылов. https://www.parlam.kz/kk/mazhilis/question-details/19212

Прокуратура органдарының бизнесті қорғау жөніндегі мобильді топтары өткне төрт айда кəсіпкерлерден түскен 1100 шағымды тексерген.

«Түскен сигналдардың əрбір бесіншісі (219) расталды. «Атамекен» ҰКП-мен жəне Бизнес-Омбудсменмен тығыз ынтымақтастық орнатылды.

Прокурорлардың көмегімен бизнес субъектілері үшін өзекті болып табылатын 12 мəселе шешімін тапты (кəсіпкерлерге газды жоғары бағамен сату, заңсыз мониторингтер жүргізу, ЖК-ге қатысты салық бұйрықтарын шығару практикасы тоқтатылды, бөлшек сауда үшін орындар анықталды жəне т.б.). Бизнес құқықтарын бұзу бойынша барлығы 750 қадағалау актісі енгізілді, 360 лауазымды адамжауаптылыққа тартылды», - делінген жауапта.