Бірнеше сағаттардан кейін Лондонда ХХХ жазғы Олимпиада ойындарының ресми ашылу салтанаты басталады

None
АСТАНА. 27 шілде. ҚазАқпарат - Санаулы сағаттардан кейін бүкіл әлем жұртшылығы тағатсыздана күтіп отырған, 4 жылда бір келетін жазғы Олимпиада ойындарының ресми ашылу салтанаты өтеді.

Ойындардың өткізілуіне орай Британиядағы барлық қоңыраулар, оның ішінде бүкіл әлемге танымал Биг Бен сағаты да 3 минут бойы қоңырау соқты. Жалпы, 7 жылға созылған ХХХ Олимпиадаға дайындықтан кейін бүгін Лондонда жалауын көтеретін 2012 жыл ойындарын ұйымдастырушылар оны олимпиада қозғалысы тарихындағы ең қызықты оқиғалардың біріне айналдырмаққа ниет танытуда. Алдын ала болжамдарға қарағанда, оған санаулы сағаттардан кейін көгілдір теледидар алдына телмірген адамзат баласының 60 пайызы, яғни  4 миллиарды куә болады.

Осымен үшінші мәрте әлемдік деңгейдегі спорттық шараны өткізіп отырған қаладағы Олимпиада ойындары жергілікті уақыт бойынша 20:12-де салмағы 27 тоннаны құрайтын жер шарындағы ең үлкен қоңыраудың соғылуымен басталып, стадиондағы алып экраннан алдын ала жазылған Джеймс Бонд пен королева Елизавета ІІ-нің үндеуі көрсетіледі. Интернет беттеріндегі ақпараттарға қарағанда, дәл осыдан кейін Олимпиада стадионына агент 007 болып киінген адам әуеден парашютпен түседі. Ал бұл 42 млн. доллар қаржы жұмсалған мерекелік шоудың басталғандығын білдіреді.

«Таңғажайып аралы» деп аталатын 2012 жылғы ойындардың ашылу салтанатына арналған шоу кезінде стадионда өтетін «тарихи шеру» барысында 1948 жылы Кариб бассейніне қотарыла көшкен ең ірі иммиграция толқынына,  британ әйелдерінің құқықтары үшін күресіне, 1936 жылғы жұмысшылардың кедейшілік пен жұмыссыздыққа қарсылығына арналған үзінділер көрсетіледі.  Үш сағатқа созылатын «Таңғажайып аралы» шоуының жабылуында танымал «битлз» Пол Маккартни "Hey Jude" әнін шырқайды. Айта кетерлігі, «тарихи шеру» барысында 204 мемлекеттің ұлттық құрама командалары сап түзеп өтеді. Олардың арасында күн астындағы алғыр қыран бейнеленген қазақтың көк туын - еліміздің ең қасиетті рәмізін көтерген балуан Нұрмахан Тінәлиев те Қазақстанның ұлттық құрамасын бастап жүреді.

Жалпы, бұл Олимпиада ойындарында спорттың 31 түрінен 302 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Қазақ елінің құрамасы спорттың 25 түрінен 116  спортшысын жарыс жолына шығарады. Алдын ала мәліметтер бойынша, Қазақстан лицензия саны  бойынша 23-ші, ал спортшылар саны бойынша - 18-19-шы орында. Осы орайда айта кетерлігі, Қазақстан бұл жазғы ойындарда кемінде 3 алтын алуды жоспарлап отыр. Негізгі үміт ауыр атлеттерге, боксшыларға және балуандарға артылуда. Ал америкалық «USA Today» басылым жариялаған ақпаратта тіпті біздің құраманың қоржынына 6 алтын түседі деп болжанған. Беделді басылым ауыр атлетикадан Майя Манеза мен Све­т­лана Подобедова, бокстан Серік Сәпиев, дзюдодан Максим Раков пен грек-рим кү­ре­сінен Алмат Кебісбаев, сондай-ақ үш қар­­­ғып секіру жаттығуынан Ольга Рыпакова Олимпиада чемпионы атанатындығын топшылап отыр.

Тұманды Альбион еліндегі спорттық шаралар Қазақ жанкүйлерлерінің назарынан тыс қалмайды. Олар «Хабар» және «Ел арна» арналарынан еліміздің саңлақтары қатысатын барлық жарыстарды тікелей эфирден көре алады. Сонымен қатар оқырманға жедел ақпарат беру мақсатында Ұлыбритания астанасында, Стрэдфорд ауданындағы Олимпиада қалашығына жақын жерде ХХХ жазғы Олимпиада ойындары туралы хабар тарататын қазақстандық БАҚ өкілдері үшін медиа-орталық ашылды. Ресми түрде бүгін ашылған жаңа орталықта баспасөз мәслихаттары үшін кең зал, қонақ күту, түстену және сұхбат өткізу бөлмелері бар. Сондай-ақ медиа-орталық ғаламторға қосылған. Баспасөз орталығы 2012 жылдың 25 шілдесінен 12 тамызға дейін, сағат 09:00-ден 21:00-ге дейін жұмыс істейтін болады. Дәл осындай орталықтар Алматы мен Астана қалаларында да бүгіннен бастап өз жұмыстарын бастады. Аталған орталықтың қызметкерлері әлемдік дүбірлі додадағы қазақстандық спортшылардың нәтижелері туралы жедел ақпараттарды таратып отырды. Ол жерлерде ақпараттық хабарламалар, баспасөз баяндары мен фотосуреттер даярланып, шұғыл таратылады. Сонымен қатар Астанадағы  баспасөз орталығында Қазақстан олимпиадашыларымен, сондай-ақ Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің қызметкерлерімен, спорт саласының жетекші мамандарымен баспасөз мәслихаттары ұйымдастырылады.

Айта кетерлігі, төрт жылда бір келетін Олимпида жеңімпаздарына елімізде қомақы сыйақы беріледі. Атап айтқанда, бірінші орынға - 250 мың, екінші орынға - 150 мың, үшінші орынға - 75 мың, төртінші орынға - 30 мың, бесінші орынға - 10 мың, алтыншы орынға 5 мың АҚШ долларын беру көзделген.