Біртанов Алматыдағы жеке ауруханада қайтыс болған баланың анасына жауап берді

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Алматыдағы жеке ауруханада қайтыс болған Мирон Павловтың анасы жіберген үндеуді көрмеген, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл ақпарат туралы бірінші рет естіп тұрмын. Оны міндетті түрде тексеретін боламыз. Келіп түскен шағымдарға жауап беретін мерзімдеріміз бар. Апта сайын тұрғындардан келіп түскен арыз-шағымдар маған баяндалып тұрады. Сейсенбі күні ғана кезекті баяндаманы тыңдағанмын. Бұл үндеуді көрген жоқпыз. Міндетті түрде істің мән-жайын анықтаймыз», - деп жауап берді министр минисрлік алқасының кеңейтілген отырысында журналистердің сұрағына жауап беріп тұрып.

Миронның анасы 8 сәуір күні министрліктің ресми сайтына үндеу жазып қалдырған. Онда баласының шаттағы жарықты алып тастау отасынан кейін 13 күн бойы ес-түссіз жатқанын айтқан.

«Баланың комаға түскенін ата-анаға неге айтпады? Ота дұрыс жүргізілді ме, наркоз дұрыс салынды ма? (...) Біз өз баламыздың өмірі үшін қатты алаңдап отырмыз! Өтінеміз, баламызды құтқарыңыздаршы!», - делінген Росина Павлова жазбасында.

25 сәуір күні бірқатар БАҚ Мирон Павловтың қайтыс болғанын хабарлады.