Біртанов облыстық ауруханаларда жұқпалы ауруларға арналған блоктар жасауды тапсырды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Алматы өңіріне іссапары нәтижесінде аудандық және облыстық ауруханаларда жұқпалы ауруларға арналған арнайы блок жасауды тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Министрлік басшысы облыстық және аудандық ауруханаларда ҚР ДСМ стандарты сақталмағанын айтты.

Оның айтуынша, барлық көппрофильді ауруханалардың жанынан жұқпалы ауруларға арналған блок ашылуы тиіс.

«Аудандық және облыстық ауруханаларда инфекциялық бөлімдер жоқ. Науқастарды ескі тәртіп бойынша Қаскелеңге апарады екен. Осыған байланысты жергілікті әкімдіктерге инфекциялық бокс жасау тапсырылды. Талғар аудандық ауруханасына,  Қаскелең ауруханасына да сондай тапсырма берілді. Есік қаласында жеке блок бар екен», - деді министр.

Айта кету керек, Алматы облысында менингококк жұқпасынан көз жұмған 19 жасар бойжеткенді жедел жәрдем Талғар қаласынан Қаскелеңге жеткізбек болған. Қыз 2 сағатқа созылған жолда көз жұмды.

Жедел жәрдемнің жұмысын қалың көпшілік сынға алған еді.

Сондай-ақ, бұл олқылықты Үкімет отырысында Премьер министр Бақытжан Сағынтаев та министр Елжан Біртановтың бетіне басқан болатын. Айтылған сын-пікірден соң министр Алматы аймағына ресми сапармен шыққан еді. Министрлік басшысы өңірдегі бірқатар жұқпалы аурулар және клиникалық ауруханаларды аралап жай-күйін бақылады.

Министр сонымен қатар, Қаскелең жұқпалы аурулар ауруханасын жабу туралы шешім қабылданатынын айтты.

Ал, аурухананың бас дәрігерін кәсіби біліктілігінің төмендігіне байланысты әкімшілік жазаға тартуды ұсынды.