Біртанов: Sanofi-дің біздің лауазымды тұлғаларға пара беру жағдайы болған емес

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Францияның фармацевтикалық «Sanofi» компаниясына қатысты дауға пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетсек, бұған дейін бірқатар БАҚ құралдарында Sanofi компаниясының Қазақстандағы және Таяу Шығыстағы еншілес кәсіпорындары өз өнімінің сатылымын арттыру үшін лауазымды адамдарға пара бергені туралы ақпарат тараған болатын. Ақпарат АҚШ-тың құнды қағаздар және биржалар бойынша Комиссиясы сайтында жарияланған еді. Сарапшылар француз компаниясының өкілдері мемлекетпен келісімге келу үшін пара бергенін айтқан.

Бүгін аталған мәселе бойынша ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Алексей Цой пікір білдірген. Ал кешке қарай ОКҚ-да өткен жиында бұған қатысты сұрақ министр Елжан Біртановтың да өзіне қойылды.

«Sanofi-ге қатысты ақпаратты біз алдық. Менің өзім АҚШ Үкіметінің сайтынан ол ақпаратты көрдім. Бұл жалпы алғанда ішкі тергеу жұмыстарын жүргізуге арналған стандартты халықаралық тәжірибе. Компания өкілдерінің келтірген мәліметіне сүйенсек, аталған шешім компанияның ішкі аудитіне негізделген. Біздің тарапымыздан аталмыш компанияға қатысты пара беру немесе өзге де бұзушылық бойынша қылмыстық құқықбұзушылық жағдайлары тіркелген жоқ. Демек, бұның бәрі ішкі есепшілік құжаттарға негізделген», - деді министр.

Елжан Біртанов өткен жылы барлық шетелдік компаниялармен этикалық кодекске қол қойылғанын, ол бойынша Қазақстан дәрі-дәрмектердің шынайы әрі әділ таратылуына сүйенетінін атап өтті. Көптеген фармкомпаниялар осы кодекске қол қойған.

«Сонымен бірге осы жылы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, дәрі-дәрмектердің бағасын реттеуге арналған жаңа заң жобасын әзірледік. Осы заң жобасы аясында дәрі-дәрмектердің таралуын дәл осы этикалық жолмен жүргізу қарастырылған. Яғни, дәрі-дәрмекті өндірушілер, сатып алушылар, жекелей сататын дәріханалар дәрі-дәрмектерді өткізуде этикадан тыс әрекеттерге бармайды. Бұл халықаралық стандарттарға кезең-кезеңмен жақындау болып есептеледі. Бұл жұмысты өзіміз бастап, фармкомпаниялармен белсенді түрде жүргізіп жатырмыз. Ол бойынша тек артық әрекетке барған дәрігерлер ғана емес, сонымен бірге фармацевтикалық бизнес өкілдерін де әкімшілік жауапкершілікке тарту қарастырылған. Яғни, жауапкершілік барлық тарапқа тең бөлінуі керек. Бұл біздің позиция», - деді ол.

Сонымен бірге, Елжан Біртанов ең алдымен, бұл мәселені қаузамас бұрын АҚШ-тың құнды қағаздар және биржалар бойынша комиссиясы сайтында жарияланған баспасөз мәлімдемесімен танысу керектігін еске салды.

«Ол жерде компанияға қатысты өндіріс басталғаны жазылған. Ол өндірістің қылмыстық немесе әкімшілік екенін білмеймін. Оған есепшілік құжаттарда лауазымды тұлғаларды «сатып алуға» арналған жеке қорлар мен резервтердің кездесуі негіз болып отыр. Демек, лауазымды тұлғаларды сатып алу фактілері туралы нақты баспасөз мәлімдемесінде айтылмайды. Бұдан бұрын да айтқанымдай, бүгінгі күні дәл осы компания тарапынан (Sanofi -авт.) бізде лауазымды тұлғаларды сатып алу жағдайы тіркелген жоқ. Сонымен бірге, өздеріңізге мәлім болғандай, өткен жылы лауазымды тұлғаларға қатысты бірнеше қылмыстық іс қозғалып, іс әлі тергеліп жатыр. Біз олардың ісі дәл осы компаниямен қатысы бар немесе жоқ деп айта алмаймыз. Сондықтан, бұл сұрақты меніңше құқық қорғау органдарына жолдау керек. Бізге белгілі болып отырғандай, бізде ондай ақпарат жоқ. Ақпарат есепшілік құжаттардың табылуына негізделіп отыр», - деді министр.