Министр айтқан бірінші бастама - денсаулық сақтау жүйесін пациенттердің мүддесіне қарай интеграциялау. Бұл - алғашқы сауықтырушы бөліктен бастап, барлық кезеңдерді қамтитын медициналық көмек көрсетудің біріктірілген жүйесін енгізуді қарастырады.
Екінші бастама - ЭЫДҰ ұсыныстарына сай стандарттарды сәйкестендіру. Бұл шаралар аясында жеке медицинаны дамытудағы кедергілерді жою, мемлекеттік функцияларды тәуелсіз кәсіби ортаға беру, дәрі-дәрмек және медициналық бұйымдардың бағасын реттеу жоспарланған.
«Үшінші бастама бағытында денсаулық сақтау саласындағы инфрақұрылымдық және кадрлық саясатты қайта қарау шаралары қарастырылған. Жеке және шетелдік инвестициялар тарту, мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамытуға, ғылым мен медициналық білімді жетілдіруге мән берілмек»,-деді Елжан Біртанов.
Ал, төртінші бастама ретінде нәтижеге негізделген қаржыландырудың оңтайлы жүйесін қалыптастыру міндеті қойылып отыр.
«Бесінші бастама - пациентке есеп беретін және транспаренттілікті қарастыратын жүйені басқару. Осыған байланысты медициналық мекемелерге шаруашылық жүргізу құқын бере отырып, корпоративті басқару жүйесін енгізу, мақсаты - қызмет көрсету сапасы мен тиімділігі пациенттің мүддесіне бағытталған медициналық қызмет көрсетушілер үшін КPI әзірлеу жоспарланған»,-деді министр.
Аталған бастамаларды көтерудегі негізгі мақсат - медициналық қызметтің халыққа қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз ету болып табылады.