Біртұтас экономикалық кеңістік құру жөніндегі келіссөз оңай болған жоқ - Кәрім Мәсімов

АСТАНА-МӘСКЕУ. 2 наурыз. ҚазАқпарат - Біртұтас экономикалық кеңістік құру жөніндегі келіссөз оңай болған жоқ.

Қазақстанның Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов бұл туралы 1 наурызда РБК телеарнасына берген сұхбатында мәлім етті.

ҚР Премьері өз сұхбатында Кеден одағы мен Біртұтас экономикалық кеңістіктің құрылу жайларына тоқталып өтті.

Оның айтуынша, Қазақстан мен Ресей - бір-біріне өте ұқсас елдер. «Біздің күшіміз де, әлсіз жағымыз да - осында. Қазақстанның аумағындағы реформалардың жүргізілуі - Ресей бизнесі мен мемлекет қызметі үшін Қазақстандағы нәтижелі реформалардың қалай жүргізіліп жатқанын жақыннан көрудің мүмкіндігі. Теріс тәжірибелерді де ескеруге болады». «...Көптеген үдерістердегі өзара іс-қимылдар біздің елдеріміздің үкіметтерінің шешімдерін өзара толықтыра алады, өзара көмектесетін болады», - деп атап көрсетті Кәрім Мәсімов өз сөзінде.

Біртұтас экономикалық кеңістік құру жөніндегі келіссөздер оңай болған жоқ. Сарапшылар деңгейінде, министрлер, тіпті премьер-министрлер деңгейінде, салдары алысқа баратын шешімдер қабылдауға тура келді. Кейде мәмілеге келген, кейде өз дегенімізден қайтпаған кездер де болды. Өзара «үйренісуге», мәмілегерлік жасауға тұтастай 2010 жыл кетті», - деп хабарлады ҚР Үкіметінің басшысы.