Бірыңғай аграрлық салықты енгізуіміз керек – Мұхтар Тайжан

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жер реформасы жөніндегі комиссияның бірінші отырысында қоғам қайраткері Мұхтар Тайжан кепілдікте тұрған жерлерге қатысты ұсыныс айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Келесі менің ұсынысым, бірыңғай аграрлық салығына қатысты. Бүгінгі таңда адам жерді бос ұстайтын болса, жер салығы өте төмен. Ал егер жұмыс істейтін болса, қосымша 7-8 салық қосалады. Яғни, салық жағынан, экономикалық жағынан жұмыс істеу тиімсіз. Сондықтан бірыңғай аграрлық салықты енгізуіміз керек», - деді қоғам қайраткері.

Осы орайда ол фермер жерді қайтаруға немесе сол алқапты игеруге мәжбүр болатынын айтты.

Сонымен қатар Мұхтар Тайжан келесі үлкен проблема банктерде тұрған жерлерге қатысты екенін, ауқымды алқап банктерде кепілдікте тұрғанын жеткізді.

«Бұл өз кезегінде үлкен проблема. Осы орайда мемлекет, Үкімет біржақты түрде осы келісімшарттарды бұзып, мемлекеттік қажеттілік тұрғысында сол жерлерді мемлекет меншігіне қайтаруы керек», - деді ол.