Бірыңғай экономикалық кеңістікті қалыптастыру кезінде 20 халықаралық келісімге қол қойылады - Ө. Шөкеев

None
АЛМАТЫ. Желтоқсанның 20-сы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Беларус, Қазақстан және Ресей мемлекеттері арасындағы Бірыңғай экономикалық кеңістікті қалыптастыру кезінде   2011 жылдың 1-ші шілдесіне дейін 20 халықаралық келісімге қол қойылады.

  Бұл  жайлы "Ақбұлақ" кешеніндегі  ТМД елдері басшыларының бейресми кездесуінде мәлім болды,   деп хабарлайды ҚазАқпарат.

         "2010 жылғы қаңтардың 1-нен бастап Беларус, Қазақстан және Ресей териториясында Кеден одағы жұмыс істейді. Шілденің 1-нен бастап Бірыңғай кедендік тариф пен  Кеден кодексі күшіне енеді. 2011 жылдың  1-ші қаңтарынан бастап ішкі шекарада кедендік бақылау жойылып, бірыңғай кедендік аймақ құрылады.  Минскіде алдымызға Бірыңғай экономикалық кеңістік құру туралы   күрделі тапсырма қойылды. Ол бірыңғай инфрақұрылымдық, салықтық, ақшалай-несиелік, қаржылық, сауда және кеден саясатын анықтайды. Сондай-ақ тауар, қызмет, капитал және жұмыс күшінің еркін қозғалысын қамтамасыз етеді. Біздің жасаған жоспарымызды үкімет басшылары мақұлдады", дейді ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев.  Оның айтуынша, жоспарда 18 айдың ішінде 2 құжаттар топтамасы бойынша алғашқы кезектегі 20 халықаралық келісімді қабылдау көрсетілген. Оның алғашқысы  14 халықаралық келісімнен тұрады. Олар құқықтық бірыңғай макроэкономикалық саясатты, капитал мен жұмыс күшінің еркін қозғалысын қамтамасыз етіп,  бірыңғай бәсекелестік саясаты тәртібін жасауды қарастырады. 2010 жылдың соңына дейін қол қойылады деп жоспарланып отырған бұл құжаттар  2011 жылғы қаңтардың 1-нен бастап қолданыла бастайтын болады. Ал 6 халықаралық келісімнен тұратын екінші құжаттар топтамасы валюталық саясаттың жалпы қағидаларын және  энергетика, темір жол көлігі, мұнай-газ тасымалдау, тарифтік саясат пен бағаны қалыптастыруға бағытталған. 2011 жылдың 1-ші шілдесіне дейін қол қойылады деп жоспарланған бұл келісімдер 2012 жылғы қаңтардың 1-не дейін қолданысқа енгізіледі. Мемлекет басшылары қол қойған және бірлескен мәлімдеме жасаған Бірыңғай экономикалық кеңістікті қалыптастыру жоспарында сонымен қатар 2010-2011 жылдары бірыңғай қағидалар, техникалық реттеу тәртібі бойынша Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың 38 техникалық регламентін жасау көзделіп отыр.