«Бізге барлық коммуналдық желілерді, су, газ, электр, жылу секілділердің барлығын біріктіретін бірыңғай коммуналдық кәсіпорын құруға бару керек, бұл салаға бірыңғай мемлекеттік саясат жетіспейді. Өйткені, бұл сала біздің еліміздің қан тамырлары секілді, ал олар бұзылып, қирай бастаса, олардың жұмысының арасында бірыңғай үйлесімділік болмаса - онда тұтынушыларға, бізге қауіп төніп тұр деген сөз», - деді Д. Назарбаева.
Оның айтуынша, тұрғын үй-коммуналдық секторға қызмет көрсететін компанияларды өздерінің қаражаттарының бір бөлігін секторды жаңғыртуға жұмсайтындай міндеттемелерді заң арқылы енгізу керек.
«Біз қайта-қайта жақсартуға тиіспіз деп айтамыз, сосын мемлекеттен ақша бөлу керек дейміз. Ал негізінен осы сала бизнес үшін жаман еместігі байқалады, секторда қызмет ететін компаниялар, құрылымдар баршылық, оларда бекітілген тарифтер де бар екенін қарасақ, ешқайсысы шығынды емес, керісінше табысты. Ендеше, басты мәселе - оларды қалай жұмыс істету қажеттігінде болып отыр, олардың табысының бір бөлігін жаңғырту жұмыстарына жұмсатуға тиіспіз. Ал «тариф жоғары», «ақша керек» деп айқайлай бергеннен түк шықпайды. Ондай әңгіме таусылмайды да», - деді Д. Назарбаева.