«Бірыңғай терезе» порталының мүмкіндігі қандай

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің экспорттық-импорттық операциялар бойынша «Бірыңғай терезе» порталының жұмысына қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сыртқы экономикалық қызметті (СЭҚ) бақылау, реттеу және үйлестірудің тиімді жүйесін құру, сондай-ақ экспорттық-импорттық операцияларды кедергісіз орындау үшін жағдай жасау елдің экономикалық өсімін және бәсекеге қабілеттілігін арттыруға тікелей әсер етеді. Экспорттық-импорттық операциялар бойынша «Бірыңғай терезе» қағидатын іске асыру осы мәселелерді шешуге арналған құралдардың бірі болып саналады. Жобаны Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті БҰҰ Сауда және даму жөніндегі конференциясымен (ЮНКТАД) бірлесіп іске асыруда», - делінген комитет мәліметінде.

«Бірыңғай терезені» енгізудің негізінде СЭҚ қатысушыларына құжаттар мен рұқсаттар жинау үшін әртүрлі мекемелерге бару қажет болмайды. Кедендік рәсімдерді өту процестері тездетіледі және оңайлатылады, СЭҚ қатысушыларының уақыт пен өзге де шығындары азаяды. Шешімдер қабылдау кезінде адами факторды болдырмау сыбайлас жемқорлық көріністерін барынша азайтуға, кедендік және өзге де мемлекеттік органдары әрекеттерінің айқындылығын арттыруға мүмкіндік береді.

Атап айтқанда, «Бірыңғай терезе» порталының көмегімен СЭҚ қатысушылары экспорттық-импорттық операциялар жасау үшін қажетті ақпаратты стандартталған түрде бірыңғай интерфейс арқылы ұсына алады. Сонымен бірге, портал тауарларды әкелу/әкету үшін қажетті алдын ала ақпаратты алу мүмкіндігін береді. «Бірыңғай терезе» арқылы экспорттық-импорттық операцияларға қажетті барлық рұқсат құжаттарды алу, орындалу мәртебесін, оның ішінде мемлекеттік органдардың жүйелерімен интеграциялау есебінен бақылау мүмкіндігі ұсынылатын болады.

«Ағымдағы жылдың 27 наурызында «Бірыңғай терезе» порталын пайдалануға енгізудің бірінші кезеңі жүзеге асырылған. 2019 жылдың аяғына дейін «Бірыңғай терезе» тетігін өнеркәсiптiк пайдалануға iске қосу жоспарланған», - деп аталып өткен комитет хабарламасында.