Бірыңғай тестілеу технологиясын кеңірек қарастыру қажет - ҚР БҒМ басшысы

АСТАНА. 17 тамыз. ҚазАқпарат -  Қазақстан Республикасының білім және ғылым министрлігінде ведомство басшысы Бақытжан Жұмағұловтың төрағалығымен ұлттық бірыңғай тестілеуді ұйымдастыру және өткізу саласындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша жиналыс өтті,

деп хабарлады ҚР Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі.

Елбасы Н.Ә. Назарбаев өзінің «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай жиырма қадам» бағдарламалық мақаласында ҰБТ өткізудің онжылдық тәжірибесіне қарамастан, лауазымды тұлғалар сондай-ақ ҰБТ-ға қатысушылар тарапынан да бұзушылықтарға жол берілуі мәселесі өзекті болып тұрғандығына ерекше назар аударған болатын. Ел Президенті мұндай жағдайдың туындау себебінің бірі - тестілеу барысын құқықтық реттеудің әлсіздігі екендігін атап көрсетті.   

Жиналыс барысында ҰБТ рәсіміне байланысты жүйелі мәселелерге талдау жасалып, оларды шешу жолдары анықталды. Ұсыныстар жауапкершілікті арттыру, барлық қатысушылардың өкілеттіктерін нақты анықтауға бағытталған тестілеу рәсімін құқықтық реттеуге қатысты болды.  Ведомоство сарапшылары бұл мақсаттар үшін Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңына, Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексіне және басқа да нормативтік құқықтық актілерге өзгерту енгізу қажеттілігін алға тартты.

Министрдің пікірінше, бірыңғай тестілу технологиясын кеңірек қарастыру қажет. Ол ҰБТ жетілдіру мәселелерін болашақта екі кезеңге: мектептегі қорытынды аттестаттау мен жоғары оқу орнына түсу емтиханына бөлу есебімен қарастыруды тапсырды. Сондай-ақ ол жиналыс қатысушыларының назарын компьютерлік тестілеуді ендіру, тестілік тапсырмалардың мазмұнын жетілдіру және логикалық сипаттағы тестілерді енгізу мүмкіндіктеріне аударды.

Жиналыста БАҚ-та кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізудің, жағымды қоғамдық пікір қалыптастыру мен тестілеу барысындағы өзгертулер туралы халықты хабарландырудың  маңыздылығы туралы сөз қозғалды.

Жиналыс қорытындысы бойынша, ведомоство басшысы айтылған ескертулер есебінен ұлттық бірыңғай тестілеу рәсімін жетілдіру бойынша ұсыныстар кешенін әзірлеп, оның негізінде тестілеуді іске асырудың кезеңдік жоспарын әзірлеуді тапсырды.