Бірыңғай төлем құжатын шығару «Астана - ЕРЦ» базасында ғана жүзеге асырылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - 1 ақпаннан бастап Бірыңғай төлем құжатын (БТҚ) шығару және төлемдерді өңдеу «Астана - ЕРЦ» негізінде жүзеге асырылатын болды. Осыған байланысты төлемді тек екінші деңгейлі банктерде және «Қазпошта» АҚ-ының бөлімшелерінде ғана жүргізуге болады. Бұл туралы Астана әкімдігінің ресми сайты хабарлады.

Сонымен қатар, 2016 жылғы 1 ақпаннан бастап коммуналдық қызметтер бойынша келісім жасау және қайта есептеу жүргізу үшін «Астана су арнасы» МКК, «Астана Тазарту» ЖШС, «Астанаэнергосбыт» ЖШС абоненттік учаскелеріне жүгіну қажет.

Еске сала кетсек, Астанада 2015 жылдың қазан айында Бірыңғай төлем құжаты енгізілген болатын. Жаңа құжатта «Астанаэнергосбыт» ЖШС және «Астана-ЕРЦ» ЖШС түбіртектерінде болған қызметтер біріктірілді. Заманауи шоғырландырылған төлем жүйесі барлық коммуналдық қызметтерді бір түбіртекпен төлеп, комиссиялық шығындарға жұмсалатын ақы мен уақыт үнемдеуге мүмкіндік береді.