Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заң жобасы бойынша баяндаған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Әбденов осылай мәлім етті.
Министрдің айтуынша, заң жобасындағы басты жаңалықтардың бірі Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорын құру болып табылады. Бұл ретте Қазақстан Үкіметі аталмыш жинақтаушы қордың құрылтайшысы және акционері болады. Ал инвестициялық стратегия ҚР Президентінің шешімімен құрылатын Зейнетақы активтерін басқару жөніндегі кеңеспен бекітіледі. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры жүйесін ҚР Ұлттық банкі басқарады.
«Міндетті зейнетақылық жинақтау, салымдардың сақталуы бойынша мемлекеттік кепілдік қамтылады. Жалпы алғанда Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорын құру зейнетақы салымдарының сақталуын, зейнетақы активтерін басқаруды бақылауда ұстауды, қор қызметінің ашықтығын қамтамасыз етуді қарастырады. Сонымен қатар, инвестициялық табыстылықты арттыру есебінен зейнетақы жинақтарының тиісті өсімін қамтамасыз ету шаралары қарастырылады», деді С. Әбденов.