«Биржалық сауда туралы» жаңа заң жобасы ҚР Президентінің қарауында жатыр

АЛМАТЫ. Наурыздың 30-ы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - «Биржалық сауда туралы» қолданыстағы заң өте нашар жұмыс жасады. Парламент Мәжілісінің депутаты Сатыбалды Ибрагимов бүгін Алматыда «Еуразиялық сауда жүйесі» тауар биржасында алғашқы сауда-саттықтың ашылу рәсімінде осылай айтты,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Жұмыс тобының жетекшісі ретінде мен сіздерді «Биржалық сауда туралы» жаңа заң жобасының ҚР Президентінің қол қойылуына ұсынылғанын жеткізгім келеді. Қолданыстағы заңды алдыңғы жылы біз Үкіметке қайтарған болатынбыз. Ол өте нашар жұмыс істеді. Ал жаңа заң жобасында биржашылардың ұсыныстары ескерілді», - дейді депутат Сатыбалды Ибрагимов. Оның айтуынша, ендігі маңызды мәселе, Үкімет бекітетін тауарлар тізімі болып отыр. «Қазіргі таңда ол Үкіметте қаралып жатыр. Олармен бірлесіп жаңа заң жобасын әзірлеген жұмыс тобы да тығыз жұмыс жасауда».