Бұл туралы бүгін елордада Дүниежүзілік рухани мәдениет форумына байланысты өткен баспасөз мәслихатында ҚР Парламенті Сенатының депутаты, композитор Төлеген Мұхамеджанов мәлім етті.
«Біржан сал» көркем фильміне музыка жазар алдында мен бұл туындыны бірнеше мәрте көріп шықтым. Менің пікірімше, бұл біздің киностудияның үздік фильмдерінің бірі. Атап айқанда, бұл туындыда Біржан сал өмір сүрген кезеңнің нақты көрінісі тура көрсетілген. Оның мазмұндылығы да айрықша және бұл туындыны халықтық фильмдер санатына жатқызамын»,- деді Т. Мұхамеджанов.
«Осыған орайда айтарым, біз «Біржан сал» фильмін Бүкіләлемдік рухани мәдениет форумы меймандарының назарына ұсынатын боламыз», - деді ол.
Бұл фильм - белгілі кино актері Досхан Жолжақсыновтың режиссер ретіндегі тұңғыш туындысы. Оның үстіне басты роль - Біржан бейнесін Досханның өзі сомдаған. Ләйлім ролінде эстрада әншісі Аша Матай ойнайды. Сондай-ақ Жұбай бейнесін театр әртісі Асылболат Смағұлов сәтті шығарды. Тұжыра айтқанда, аталмыш кинода Қазақстан халық әртісі, ұлт сахнасының корифейі Сәбит Оразбаевтан бастап Дулыға Ақмолда сынды өнершеберлерінің бәрі де режиссердің ойынан шыға білген. Біржан салдың кең тынысты әндерін орындау үшін де ерекше талант керек. Сондықтан әр тараптан әншілер шақырылып, сүзгіден өткізілген. Ақыры Еркін Шүкімановқа тоқтам жасалған.
Айта кетейік, қазанның 18-20-сы аралығында Астанада Дүниежүзілік рухани мәдениет форумы өтеді (БРМФ). Форумға дүниенің әр түпкірінен көптеген, танымал ғалымдар, саясат және қоғам қайраткерлері, мәдениет пен өнер майталмандары және де әр елдің рухани жетекшілері қатысады.