Кешегі өткен ширекфиналдық кездесулер бойынша, 5 салмақ дәрежесінде олимпиадалық лицензия иелері анықталды. Бокстан алғашқы екі лицензияны Түрікменстан өкілдері иеленді. Қазақстан, Тәжікстан, Үндістан және Иран елдерінде 1 лицензиядан бар. Ал күрес спорты бойынша 9 мемлекет қатардан қалып қойды.
Бүгін ашылған ширекфиналдық кездесуде Біржан Жақыпов пәкістандық Мухаммад Нисармен кездесті. Қазақстандық 4 боксшының арасында Біржан ең соңғы болып рингке шықты. Кездесудің алғашқы минуттарынан-ақ жерлесіміздің мықты дайындығы көзге ұрып тұрды. Бірінші раунд 2:7 есебімен аяқталса, екінші раундта 14:4 есебімен жерлесіміз жеңіске жетті. Үшінші раунд та 25:5 есебімен аяқталып, Б.Жақыпов тағы да қарсыласынан басым түсті.
«Бұл жолғы кездесуде мен өзімнің әдіс-тәсілімді 100 пайызға өзгерттім. Бірақ мен бар тәжірибемді әлі көрсеткен жоқпын. Өйткені менің бүгінгі қарсыласым аса мықты болған жоқ. Ал келесі кездесуді мен өзбекстандық спортшымен өткіземін. Мен оны осыған дейін екі рет ұтқанмын. Осы жолы да бар күш-жігерімді жұмсап, жеңіске жетемін деген ойдамын», - деді Біржан пәкістандық спортшымен болған кездесуден.
Біржанның жақсы өнер көрсеткенін оның жаттықтырушысы Мырзағали Айтжанов та растап, ендігі кездесудің өзбекстандық боксшымен болатындығын айтады. «Қазіргі таңда барлық боксшыларға қойылатын талап біреу, ол қалай болған күнде де жеңіске жету», - дейді бапкер.
Біржанның ендігі қарсыласы алдында атап өтілгендей өзбекстандық Шахобиддин Зоиров болмақ. Астанада ширекфиналдық кездесулер әлі жалғасуда. Бүгінгі кешкі бағдарламалардың бірінде екінші жұпта жартылай финалға шығу мүмкіндігі және олимпиадалық лицензия үшін қазақстандық Ілияс Сүлейменов жұдырықтасады. Оның қытайлық Азия чемпионы Йонг-Чангпен болатын матч-реваншын қалың көпшілік асыға күтуде.