Біржарым жылдың ішінде елімізде 227 инвестициялық жоба іске қосылды

ТАНА. 22 тамыз. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - 1,5 жылдың ішінде 914 млрд. теңгеге 227 инвестициялық жоба іске қосылды.

Бұл туралы бүгін селекторлық режимдегі Үкімет отырысында Үдемелі индустриялық-иннвациялық бағдарламасы бойынша баяндама жасау кезінде Үкімет басшысының орынбасары - индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев мәлім етті.

«2010 жыл мен 2011 жылдың бірінші жарты жылдығы аралығында 914 млрд. теңгеге 227 инвестициялық жоба іске қосылды. 29 мың тұрақты жаңа жұмыс орындары құрылды. 100 млрд. теңгеден астам қаржыға өнім шығарылды», - деді вице-премьер.

Ә. Исекешевтің сөзіне қарағанда, «1,5 жылдың ішінде инвестицияның көп бөлігі Шығыс Қазақстан (142 млрд. теңге), Ақтөбе (128 млрд. теңге), Павлодар (121 млрд. теңге) облыстарында тартылды. Биылғы 2 жартыжылдықта 617 млрд. теңгеге 129 жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Осы орайда 14,5 мың тұрақты жаңа жұмыс орындары құрылады», - деді Үкімет басшысының орынбасары.

Оның айтуынша, 2011 жылы Индустрияландыру картасы бойынша іске асырылатын жобаларда инвестициялардың жалпы көлемі 1,5 трлн. теңгені құрамақ.