«БИС» консорциумы «ПетроҚазақстан» компаниясының Құмкөл кен орнындағы заңсыз әрекеттерін айыптады

АЛМАТЫ. 20 наурыз. ҚазАқпарат - Қытайлық «ПетроҚазақстан» компаниясының алдында жергілікті әкімшілік органдары дәрменсіздік танытуда. Оны «БИС» консорциумының Бас директоры Ділдахан Ахметов бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

«ПетроҚазақстан Құмкөл Ресориз» АҚ-ы  жалақы мөлшерлемесін 2008 жылы - 5, 2010 жылы - 17, 2011 жылы - 11 пайызға қысқартты. 2012 жылы тендер бойынша 13 пайызға қысқартуды ұсынды. Ал тендер өтетін күні, яғни 27 ақпанда бұл мөлшерлемені тағы 30 пайызға төмендетті. Бұл талапқа біз келіскен жоқпыз. Жұмыссыз қалған 700-ден астам адамның 300-ден астамы 1 наурыздан бері вахталық орында жатыр. Осы уақытқа дейін оларға бірде-бір адам жағдай сұрап келген жоқ», - дейді Д.Ахметов. Оның айтуынша, олар 2001 жылдан бері «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресориз» АҚ-ның меншігіндегі Құмкөл кен орнында  шикі мұнай мен су тасымалдау бойынша мердігерлік жұмыс жасап келген болатын.  Консорциумның қызметіне қатысты қытайлық  және оның алдында жұмыс жасаған канадалық компанияның тарапынан  да  бірде-бір рет шағым болған жоқ. Алайда ҚР Тендер өткізу туралы заңын өрескел бұзып, 700-ден астам адамды жұмыссыз қалдырған қытайлық компанияға қатысты олардың шағымын жергілікті атқару органдары бұл шаруашылық дауы деп оған араласудан  ат-тонын ала қашуда.