Биші Майя Плисецкая дүниеден өтті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Биші Майя Плисецкая 2 мамыр күні Германияда жүрек талмасынан қайтыс болды. Бұл туралы ТАСС-қа Үлкен театрдың бас директоры Владимир Урин хабарлады.

«Маған балеринаның жұбайы Родион Щедрин телефон соқты. Ол ауыр жүрек талмасы дертінен көз жұмды. Дәрігерлер оның өмірі үшін арпалысқанмен, ештеңе шығара алмады», - деді Урин.

Майя Михайловна Плисецкая 1925 жылы 20 қарашада Мәскеуде дүниеге келген болатын.

1934 жылы Мәскеу хореографиялық училищесін бітірді. Оның оқуы ауыр жылдармен тұспа-тұс келді: Плисецкаяның әкесі мен шешесі қуғын-сүргінге ұшырады, одан кейін соғыс басталды, Майя кейіннен түрмеден оралған анасымен бірге басқа жерге көшірілді.

1941 жылы 21 маусымда Майя училище түлектерінің концертінде Үлкен театр филиалының сахнасында алғашқы дебюттік өнер көрсетті. Екі жылдан кейін 1943 жылғы 1 сәуірде емтихандарын ойдағыдай тапсырып, Үлкен театр труппасына қабылданды.

Кейіннен оған Үлкен театрда жетекші партиялар беріле бастады. П.И.Чайковскийдің «Жаңғақ шаққыш» балетіндегі Маша рөлін үлкен театрдағы алғашқы жұмыс маусымында биледі. Бұдан кейін «Жизельдегі» Мирта, «Күлбикештегі» фея Осени, А.К.Глазуновтың «Раймонд» балетіндегі басты рөль, «Дон Кихоттағы» Китри және басқалары.

Майя Плисецкая Үлкен театрда 1988 жылға дейін жұмыс істеді. Оның «Аққу көлі», «Тастағы гүл», «Ұйқыдағы ару», «Спартак», «Жизель», Раймонд» және басқа да балеттердегі жетекші партиялары әлемдік балет тарихына қосылды.

Ол сондай-ақ өзін талантты балетмейтстер ретінде де көрсете білді, бірқатар көркем фильмдерге де түсті.

Үлкен театрдан кейін бірқатар жылдар Римдегі, Мадридтегі беделді театрларда жұмыс жасады.

Майя Плисецкая РСФСР халық әртісі, КСРО халық әртісі, Социалистік Еңбек Ері, Лениндік сыйлықтың лауреаты, «Отан алдында сіңірген еңбегі үшін» ордендерінің толық иегері. Сонымен қатар көптеген шетелдік марапаттарға ие болды, Сорбонна докторы, М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің құрметті профессоры.