Бішкек - 2014 жылғы Ислам мәдениетінің астанасы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бішкек 2014 жылы Ислам мәдениетінің астанасы деп жарияланды. Бұл туралы For.kg порталы Қырғызстанның мәдениет, ақпарат және туризм министрі Сұлтан Раевқа сілтеме жасай отырып хабарлайды.

Оның сөзіне қарағанда, бұл шешім Ислам ынтымақтастығы ұйымының отырысында қабылданды. «Аталмыш ұйым құрамына 57 мемлекет кіреді. «Бұл ұйымды исламдық ЮНЕСКО деп атауға болады. Ол БҰҰ-дан кейін екінші орын алады. 2005 жылдан 2014 жыл аралығында Ұйым түрлі елдерде «Ислам мәдениетінің жылдары» жобасын жүзеге асырып келеді. Бұл жоба үш аймақта - Араб, Африка және Азия елдерінде өткізіледі. Жоба аясында көптеген мәдени-ағартушылық және ғылыми шаралар қарастырылған. Биылғы жылдың мамыр айында ресми түрде ашылып, мәдени және ғылыми сипаттағы түрлі конференциялар, көрмелер мен жәрмеңкелер, фестивальдар ұйымдастырылмақ», - дейді мәдениет саласының басшысы.

Жоғарыда аталған ұйымның ұйғарымы бойынша, 2015 жылы Ислам мәдениетінің астанасы мәртебесіне Алматы қаласы ие болмақ.